Биыл 1 қаңтардан бастап күшті әсер ететін заттарды заңсыз сатып алу, сақтау және тасымалдау үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
фото: Пресс-служба Министерства здравоохранения РК
ERNUR.KZ. Ішкі істер министрлігі құрамында психотроптық, күшті әсер ететін заттар бар дәрілік препараттардың заңсыз айналымына тосқауыл қоюға бағытталған "Дәрмек" жедел-профилактикалық іс-шарасының нәтижесін жариялады, деп жазады sputnik.kz.
Жүргізіліп жатқан жұмыс барысында кейбір дәріхана қызметкерлері, сондай-ақ фармацевтикалық қызметке қатысы жоқ өзге де тұлғалар тарапынан мұндай препараттарды дәрігердің рецептісінсіз сату фактілері анықталып отыр.
Дәрігердің рецептісі бойынша берілуі тиіс аталған препараттар кәмелетке толмағандарға сатылған.
Операцияның кезекті кезеңі 21-25 қыркүйек аралығында өткізілді.
"Іс-шара барысында 1500-ден астам медициналық мекеме мен дәріхана, сондай-ақ 142 кәсіпорын тексерілді. 249 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Құрамында есірткі заттары бар 28 мың дәрілік препараттың айналымы шектелді", - дейді министрлікте.
Сонымен қатар химиялық заттар мен прекурсорлардың заңды айналымнан заңсыз айналымға өтуіне жол бермеу шаралары қабылданып жатыр. 675 тонна түрлі прекурсордың айналымы шектеліп, 90 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
"Мысалы, Петропавлда жүзуден жаттықтырушы ұсталып, одан құрамында күшті әсер ететін заттар бар 56 таблетка тәркіленді. Түркістандағы дәріханалардың бірінде күшті әсер ететін заттарды лицензиясыз сату фактісі анықталып, 5 мыңнан астам таблетка тәркіленді. Оралда лицензиялау талаптарын бұзғаны үшін 500 тонна тұз қышқылының айналымы шектелді", - деп жазылған хабарламада.
Еске саламыз, биыл 1 қаңтардан бастап күшті әсер ететін заттарды заңсыз сатып алу, сақтау және тасымалдау үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Аталған құқық бұзушылықтар үшін 5 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жаза көзделген.


