Олар алаяқтардың арбауына түсті.
Фото: baq.kz
ERNUR.KZ. Екібастұзда тұратын екі зейнеткер инвестициялық компания арқылы табыс табамыз деп өздері сан соғып қалды, деп жазады inbusiness.kz.
Белгілі болғандай, олар инвесткомпания менеджерінің сөзіне сеніп, мол дивиденд алуды қалаған.
"Интернетте зейнеткерлерге дивиденд төлеу туралы жарнаманы көзім шалып қалды. Көрсетілген сілтеме арқылы өтіп, сауалнаманы толтырдым. Кейін ер адам хабарласып, өзін инвестициялық компанияның менеджері ретінде таныстырды. Шынымен, табыс табуға болатынына сендірді. Мұндай қуанышты жаңалықты әпкеммен бөлістім. Телефонның ар жағында көрсетілген нұсқаулар бойынша екеуіміз банк шоттарына 10 миллион теңге аудардық", – дейді қария.
Сол сияқты павлодарлық тағы бір зейнеткер алаяқтарға 36 млн теңгесін беріп қойған. Ол үшін үйін сатып, жиған-тергенін беріп, ол аздай банктен несие алған. Оның барлығына бір ғана телефон қоңырауы түрткі болды.
Өткен жылдың шілде айында 67 жасар әйел адамға бейтаныс нөмірден оған қатысты алаяқтық әрекеттер дайындалып жатқаны туралы хабарлама келіп түскен. Кейін оған әйел адам хабарласып, тез арада үйді сатылымға қойып, банктегі ақшаны шешіп алып, барлығын қауіпсіз шотқа аудару керектігін айтқан. Оның барлығынан соң зейнеткерге несие ресімдеу қажет екенін де ескерткен. Әйпегенде, оның атына алаяқтар банктен қарыз алғалы тұр деп қорқытқан.
Қария айтылғандардың барлығын бұлжытпай орындады: үйін сатты, депозиттегі барлық ақшасын алды, несие ресімдеді. Сөйтіп, белгісіз шотқа 36 млн теңге аударды.
Қазіргі уақытта аталған істерге байланысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
"Полиция алаяқтыққа қатысты қылмыстық іс қозғады. Бүгінгі таңда қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтау бойынша шаралар жүргізіліп, мәселенің барлық мән-жайы анықталуда", – деді Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.
Бұл ретте тәртіп сақшылары тұрғындарға, әсіресе қарттарға күмәнді хабарламалар мен сілтемелерді ашпауға, жеке мәліметтерді жариялауға, қаржылық операцияларды жасағанда абай болуға шақырып, ескерту жасады.


