Павлодар әуежайы қайтарылған активтер есебінен реконструкцияланады

0
176

Жоба жасанды ұшу-қону жолағын, бұру-қозғалу жолын, перронды реконструкциялау жұмыстарын қамтиды.


Павлодар әуежайы қайтарылған активтер есебінен реконструкцияланады

Фото: Наталья Зинченко/Kazinform

ERNUR.KZ. Жоба Арнаулы мемлекеттік қор есебінен қаржыландырылады. Үкімет бұл мақсатқа 9,3 млрд теңге бөлді, деп жазады kaz.inform.kz.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау және еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру шеңберінде Павлодар облысында әуежайды жаңғыртуға кірісіп жатыр.

Жоба жасанды ұшу-қону жолағын, бұру-қозғалу жолын, перронды реконструкциялау жұмыстарын қамтиды.
“ Жобаны жүзеге асыру ұшу салмағы бойынша шектеусіз әуе кемелерінің заманауи түрлерін қабылдауға мүмкіндік береді. Павлодардың географиялық орналасуын ескерсек, бұл өңірдің транзиттік әлеуетін арттырады. Инфрақұрылымды жаңарту сонымен бірге, облыстың көлік қолжетімділігін жақсартуға, жолаушылар ағынын арттыруға және іскерлік белсенділікті дамытуға ықпал етеді деп күтіледі. Жобаның негізгі мақсаты — әуежай параметрлерін халықаралық ICAO стандарттарының талаптарына сәйкестендіру”, — делінген хабарламада.
Жоспарлы жұмыстың негізгі түрлеріне мыналар жатады:

Ұшу-қону жолағын 45 метрден 60 метрге дейін реконструкциялау және кеңейту;
Бұру-қозғалу жолы мен перронды жаңарту;
Энергиямен жабдықтау жүйесін жаңғырту;
Периметрі бойынша жарықпен сигнал беру жабдықтары мен бейнебақылау жүйесін орнату.
Жөндеу жұмыстарын жүргізу және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты әуежай қызметі өткен жылдың сәуір айынан бері уақытша тоқтатылған.

Осы уақытқа дейін әуе айлағы Астана және Алматы бағыттары бойынша тұрақты рейстерге қызмет көрсетті.