Стоматология бойынша өтінімдер тоқтатылғаннан кейін офтальмологияға сұраныс күрт артқан.
фото: Sputnik / Игорь Маслов
ERNUR.KZ. Бүгіннен бастап Қазақстанда біржолғы зейнетақы төлемі есебінен офтальмологиялық қызмет ақысын төлеуге өтінім қабылдау уақытша тоқтатылды, деп жазады sputnik.kz.
"Отбасы банктің" ресми сайтында өтінім қабылдауды тоқтатуға Денсаулық сақтау министрлігінің БЖЗҚ қаржысын емделуге пайдалану ережелеріне өзгерістер енгізуі себеп болғаны айтылған.
Жаңа ережелерге сәйкес, зейнетақы қаражатын стоматологияға да, офтальмологияға да пайдалануға рұқсат берілмейді.
"Осы күнге дейін жіберілген барлық өтінім жұмысқа қабылданып, белгіленген тәртіппен қаралады", - деп жазылған хабарламада.
Қазіргі уақытта банкте "офтальмология" бағыты бойынша жалпы сомасы 13,3 млрд теңге болатын 15808 өтінім бар. Оның ішінде:
5131 өтінім (4,6 млрд теңге) бойынша банк мамандары құжаттарды тексеріп жатыр;
10 677 өтінім (8,7 млрд теңге) бойынша клиенттерден қосымша құжат сұралуда.
Банктің мәліметінше стоматология бойынша өтінімдер тоқтатылғаннан кейін офтальмологияға сұраныс күрт артқан.
"15 қыркүйекке дейін айына орташа 174 өтінім мақұлданса, шектеулер енгізілгеннен кейін бұл көрсеткіш 7 есеге, яғни 1 264 өтінімге дейін өсті", - дейді банк мамандары.
Сонымен қатар банк бірқатар күмәнді жағдайды анықтады. Әртүрлі клиенттер бір офтальмологиялық клиникамен келісімшарт жасаса да, құжаттарда клиника әр қалада орналасқан түрлі мекенжайлармен көрсетілген. Тексеру барысында бұл мекенжайларда мұндай клиниканың жоқ екені белгілі болды.
Бірқатар бағыт тоқтатылғанына қарамастан, азаматтар БЖЗҚ артық қаражатты әлі де маңызды және қымбат ем түрлеріне пайдалана алады. Атап айтқанда:
орфандық (сирек) ауруларды емдеу;
реконструктивтік және қалпына келтіру операциялары;
радионуклидті және радио-йод терапия;
радиохирургиялық ем;
протондық терапия.
Айта кету керек, стоматология мен офтальмология — БЗҚ пайдалануға болатын медициналық қызметтердің шағын бөлігі ғана. Бағдарлама жалпы жұмысын жалғастырып, мыңдаған азаматқа денсаулыққа қатысты маңызды мәселелерін шешуге көмектесіп келеді.


