Оралда науқас баласына жылдар бойы алимент төлемей келген ер адамның қарызы 9 млн теңгеге жетті

0
120

​Олардың ортақ үш баласы бар.


Оралда науқас баласына жылдар бойы алимент төлемей келген ер адамның қарызы 9 млн теңгеге жетті

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

ERNUR.KZ. Орал қаласында сот мүгедектігі бар ортақ баланы тәрбиелеп отырған бұрынғы жұбайына қосымша алимент өндіру туралы талапты ішінара қанағаттандырды. Балалардың әкесі бес жыл бойы алимент төлемей, шамамен 9 млн теңге қарыз болған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Оралда ерлі-зайыптылар ресми некеде тұрған және үш кәмелетке толмаған баласы бар. Қазіргі уақытта балалар анасының тәрбиесінде. Неке бұзылғаннан кейін сот шешімімен балаларын асырау үшін әкесінен барлық табысының 1/2 бөлігі мөлшерінде алимент өндірілген.

Отбасының 14 жастағы қызы 2018 жылдан бастап 2027 жылға дейін денсаулық мүмкіндігі шектеулі бала ретінде тіркеуде тұр. Ол невропатолог пен ортопедтің диспансерлік есебінде, диагнозы – церебралды сал ауруы (ДЦП), жамбас сүйегінің екіжақты спастикалық шығуы және тізе буындарының бүгілу контрактурасы. Қозғалыс мүмкіндігінің шектелуіне байланысты анасы баласына тұрақты күтім жасап, емдеу шығындарын көтеріп келеді.

Әкесі күзетші болып жұмыс істегеніне қарамастан, бес жыл ішінде алимент бойынша қарызы шамамен 9 млн теңгеге жеткен. Ол қарыздың пайда болуын бұрынғы жұбайының балалармен араласуына кедергі келтіруімен және денсаулығына байланысты жұмыс істей алмағанымен түсіндірген. Алайда сот бұл уәждерді негізсіз деп таныды.

Сотта оның еңбекке жарамсыздығын растайтын дәлелдер ұсынылмағаны, мүгедектігі жоқ екені және тұрақты табыс табуға қабілетті екені анықталды. Бұл оның тек балаларға ғана емес, сондай-ақ мүгедектігі бар балаға күтім жасап отырған бұрынғы жұбайына да алимент төлеу мүмкіндігін көрсетеді.

Барлық мән-жайды, кәмелетке толмаған баланың ауыр денсаулық жағдайын ерекше жағдай ретінде ескере отырып, сот талапты ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде жауапкерден мүгедектігі бар ортақ бала 18 жасқа толғанға дейін оған күтім жасайтын бұрынғы жұбайының пайдасына ай сайын 15 АЕК мөлшерінде алимент өндіру белгіленді. Төлем талап арыз сотқа берілген күннен бастап есептеледі.