Балабақшалар мен мектептер Астана, Алматы қалаларында, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында ашылды.
ERNUR.KZ. Алматыда Медеу ауданында екі білім беру нысанының техникалық ашылуы өтті – 140 орындық жаңа №195 балалар ясли-бақшасы және реконструкциядан өткен №99 мектеп. Мектепте химия, физика және биология кабинеттері, спорт залы, бейнелеу өнері кабинеті, сондай-ақ 100 орындық акт залын қамтитын инфрақұрылым жасалған. Оқушылардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінген: заманауи өрт қауіпсіздігі жүйесі енгізілген, дабыл датчиктері орнатылған, ғимарат сейсмикалық күшейтуге алынған, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
Ақтөбе облысының Жағабұлақ ауылында 100 орындық заманауи балабақша ашылды. Мұнда әртүрлі үйірмелер мен дамыту студиялары жұмыс істейді, соның ішінде 4 жастан бастап робототехника, ұлдарға дойбы, қыздарға тоқу үйірмелері ұйымдастырылған. Көшеде қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын қалыптастыру үшін «Жол қозғалысы ережелері» атты арнайы бұрыш жасалған.
Қостанай облысының Фрунзенское ауылында жаңа балабақша жұмысын бастады, ол қазіргі заманғы мектепке дейінгі білім стандарттарына толық сай келеді. Облыста жалпы 467 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, олар 28 мыңнан астам баланы қамтиды.
Шығыс Қазақстан облысының Сарыөлең ауылында Бауыржан Момышұлы атындағы жаңа мектеп ашылды. Білім беру ұйымы қазіргі талаптарға сәйкес жабдықталған: химия, биология, физика, математика кабинеттері және басқа да пән кабинеттері, шағын орталық жұмыс істейді. Оқушылар үшін асхана, спорт және акт залдары қарастырылған.
Ал елордада «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 23-ші мектептің құрылысы аяқталды. Салынған және салынып жатқан мектептердің көп бөлігі Астананың Есіл және Нұрлы аудандарында орналасқан.
Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында 1200 оқушыға арналған жаңа форматтағы мектеп ашылды. Мектепте 61 оқу кабинеті, соның ішінде дизайн және технология, тамақтану мәдениеті, көркем өнер, робототехника, STEM және музыка кабинеттері қарастырылған. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 126 бейнекамера орнатылған. Бұл өңірде ұлттық жоба аясында пайдалануға берілген он екінші мектеп.
Қазіргі таңда елімізде 192 мың орынға арналған 130 мектептің құрылысы аяқталған, оның 92-сі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған, жартысы ауылдық елді мекендерде орналасқан. Айта кетейік, 2025–2026 оқу жылында елімізде барлығы 232 білім беру ұйымы салынады.


