Спортшы өз кінәсін толық мойындады.
фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
ERNUR.KZ. Бүгін таңертең Астанада полицейлер бірнеше жол-көлік оқиғасына себепкер болған Toyota Land Cruiser көлігінің жүргізушісін ұстады. Іс елорданың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды, деп жазады tengrinews.kz.
Сот нені анықтады?
Сот Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновке қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады.
"Ол алкогольдік масаң күйде автокөлікті басқарып, Астана көшелерімен автокөлікті басқарып келе жатып 3 жол-көлік оқиғасын жасағаны анықталды", - деп хабарлады сот.
Жүргізуші жол қозғалысы ережелерін бұзып, соның салдарынан:
- жерасты паркингі қақпасының тіреуіне соғылған;
- басқа көлікпен соқтығысып, содан кейін инерция әсерінен тағы бір автокөлікке соғылған.
- кейін Kia Sportage автокөлігімен соқтығысқан, соққының әсерінен бұл көлік Toyota Hilux автокөлігіне соғылған.
Жол-көлік оқиғалары салдарынан көліктерге механикалық зақым келді. Сондай-ақ материалдық шығын келтірілген.
"Құқық бұзушының кінәсі іс материалдарымен, оның ішінде медициналық куәландыру қорытындысымен дәлелденді. Аталған қорытындыға сәйкес Е.-де алкогольдік масаңдықтың жеңіл дәрежесі анықталған. Сонымен қатар кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалармен, жол-көлік оқиғаларының сызбаларымен, бейнежазбалармен, оқиғаға қатысушылардың түсініктемелерімен және сотта зерттелген өзге де дәлелдемелермен расталды", - деп хабарлады сот.
Спортшының іс-әрекеті ӘҚБтК-нің 608-бабы 3-бөлігі бойынша сараланды.
Сот шешімі
Сот отырысында спортшы өз кінәсін толық мойындады.
"Сот ӘҚБтК-нің 50-бабының 2-бөлігінде көзделген әкімшілік қамақты қолдануға кедергі келтіретін мән-жайларды анықтаған жоқ. ӘҚБтК-нің 608-бабы 3-бөлігінің санкциясы баламасыз болғандықтан, сот оған 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза тағайындады", - деп нақтылады сот.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, бұған дейін Toyota Land Cruiser жүргізушісі басқа көліктермен соқтығысып, оқиға орнынан қашып кеткені хабарланған болатын. Ер адамнан алкогольдік мас болу белгілері анықталды. Полиция рөлде бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусинов болғанын растаған.


