23 мамырда 11-сынып оқушысы Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінен оқудан шығарылды.
Фото: nis.edu.kz
ERNUR.KZ. Егер оқу орнында академиялық адалдық пен этика қағидаты бұзылса, басшылықтың ұстанымы түбегейлі болуы тиіс. Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі (НЗМ) жағдайға қатысты ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек осындай пікір білдірді, деп жазады tengrinews.kz.
Министр бұл ретте орта білім беру жүйесіне жауап бермейтінін айтты, дегенмен жақында 11-сынып оқушысы оқудан шығарылған НЗМ-дағы дауға байланысты жеке пікірін білдіруге келісті.
"Academic integrity немесе academic ethics, "академиялық адалдық" деп аталатын маңызды ұғым бар - бұл бүкіл білім беру жүйесінің іргетасы. Плагиат, адал болмау, әділетсіздік және ашық еместікке қатысты қатаң әрі принципшіл ұстаным болмаса, мықты білім беру жүйесін құру мүмкін емес", - деді Саясат Нұрбек AIF форумы аясында тілшілерге.
Министрдің айтуынша, ең дамыған білім беру жүйелері - фин, солтүстікамерикалық, еуропалық - дәл осы академиялық адалдық қағидаттарына қатаң түрде сүйене отырып, сапалы білім беру деңгейіне қол жеткізеді.
"Сондықтан түбегейлік тұрғысынан бұл дұрыс шешім деп есептеймін. Егер плагиат немесе академиялық адалдықты бұзудың өзге де дерегі болса, онда бұл мәселені түбегейлі түрде шешу қажет. Өйткені бұл кейін бізге, жоғары білім беру жүйесіне де әсер етеді", - деді министр.
"Нақты осы жағдайға келсек, егер академиялық адалдық қағидаты бұзылған болса, шешім түбегейлі болуы тиіс деп есептеймін", - деп түйіндеді министр.
Қандай жағдай болды?
23 мамырда 11-сынып оқушысы Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінен оқудан шығарылды. Мұның себебі емтихан кезіндегі тәртіпбұзушылық және мұғалімді "Ш"-дан басталатын сөзбен қорлау болған.
Оқушының үндеуі
Бұл шешім қоғамдық резонанс тудырды. Келесі күні жасөспірім бейнеүндеу жолдады. Ол мұғалімнен бірнеше рет кешірім сұрағанын мәлімдеді. Оның сөзінше, директор өзі туралы мұғалімдер мен ата-аналар арасында жалған ақпарат таратқан.
"Маған осы мектепте қалып, өзім бағалайтын оқуымды жалғастыруға мүмкіндік берсе, тәртіптік жазаға, қоғамдық жұмысқа немесе басқа да шараларға дайынмын", - деді ол.
Оқушы ауруханаға түсті
Кейінірек белсенді Аида Боқаева мектеп оқушысының жағдайы күрт нашарлағанын айтты.
"Сұңқардың жүйкесі сыр беріп, қызуы түсіп кетті. 21-інен бері тамақ ішкен жоқ. Қазір оны жедел жәрдем ауруханаға апара жатыр. Бүгінге дейін ол емтихан тапсыруға мүмкіндік береді деп ойлаған. Мүмкіндік бермейтінін білген соң жағдайы нашарлап кетті", - деді ол.
Министрлік пікірі
Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі жағдайға пікір білдірді.
"Елімізде ұстаздың мәртебесі заңмен бекітілген, бұл оның қоғамдағы орны ерекше екенін білдіреді. Ұстаз – бала тәрбиелеп, ұрпаққа жол көрсететін ардақты жан. Сондықтан ата-ана мен оқушы тарапынан мұғалімге құрметпен қарау – ең алдымен адамгершіліктің белгісі. Мұғалімнің абыройына күмән келтіру – бүкіл жүйенің беделін түсірумен бірдей", - деді ведомство өкілі.
Оқу-ағарту министрлігі педагогтің қадір-қасиетін төмендететін кез келген әрекетке қатаң сын көзқараспен қарайтынын мәлімдеді.
"Бұл оқиғада оқушы өз қатесін түсініп, өкініш білдіріп отыр. Енді НЗМ бұл жағдайды тек ішкі тәртіппен емес, сондай-ақ, адамгершілік, кешірімділік пен нағыз ұстаздық ұстанымдарға сүйене отырып шешеді деп үміттенеміз. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бұл мәселеге өзі жіті назар аударып, тиісті тапсырмалар берді. Министрдің нұсқауына сәйкес бұл мәселемен Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің және аймақтық департаменттің өкілдері айналысады. Министр "НЗМ" басқарма төрағасы Ануар Жанғозинмен сөйлесті. Басқарма төрағасы мәселені жеке қолға алғанын, жағдайды жан-жақты қарап, не болғанын әділ бағалап, дұрыс шешім қабылдайтынына сендірді", - деді министрлік өкілі.