​НҰРЛАН ӘБДІРОВ: Бүгіннен бастап учаскелік сайлау комиссиялары өз жұмыстарына кірісті

0
180

ОСК мүшелері еліміздің барлық өңіріне инспекциялық сапарға шығады.


​НҰРЛАН ӘБДІРОВ: Бүгіннен бастап учаскелік сайлау комиссиялары өз жұмыстарына кірісті

ERNUR.KZ. 10 400-ден астам сайлау учаскелері, 10 600-ден астам комиссия және 71 мың сайлауком мүшелері. ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров елімізде учаскелік сайлау комиссиялары іске кіріскенін хабарлады.

Комиссияның бүгінгі отырысында учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің дайындығы мәселесіне ерекше назар аударылды. Нұрлан Әбдіров осы аптадан бастап Ортсайлауком мүшелері өңірлерге инспекциялық сапарға шығатындығын атап өтті. Олар барлық облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда болып, алдағы науқанға инфрақұрылымның дайындығын тексеретін болады.

«Бүгіннен бастап учаскелік сайлау комиссиялары өз жұмысына кірісті. Барлығы 10 400-ден астам сайлау учаскесі ашылды. Сайлауды ұйымдастыруға мүшелерінің жалпы саны 71 мың адамды құрайтын 10 600-ден астам комиссия тартылатын болады. 4-17 тамыз аралығында біз Орталық сайлау комиссиясының мүшелерімен және аппарат қызметкерлерімен бірге еліміздің барлық 20 өңіріне инспекциялық сапарларға шығамыз. Осы сапарлар барысында сайлау учаскелерінің дайындығы, олардың материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі, сайлаушыларды ақпараттандыру жұмысының ұйымдастырылуы, Call-орталықтардың қызметі бағаланатын болады. Сонымен қатар, өңірлерге жасалатын инспекциялық сапарлар барысында аумақтық сайлау комиссияларының жұмысына, оның ішінде сайлау комиссиялары мүшелерін оқыту барысына да ерекше назар аударылады», - деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.

ОСК Төрағасы 7 тамыздан бастап әрбір сайлаушыға дауыс беруге қатысу құқығы бар азаматтардың тізіміндегі өзі туралы деректердің дұрыстығын тексеру мүмкіндігі берілетінін еске салды. Егер қандай да бір өзгерістер енгізу қажет болса, сайлаушы дереу учаскелік сайлау комиссиясына жүгіне алады. Мұндай өтініштер келіп түскен күні дереу қаралады.