Нәлібаев Абай облысындағы инфрақұрылымдық нысандарды уақтылы пайдалануға беруді тапсырды

0
319

​ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет жетекшісінің тапсырмасымен Абай облысына жұмыс сапарымен барды.


Нәлібаев Абай облысындағы инфрақұрылымдық нысандарды уақтылы пайдалануға беруді тапсырды

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен өңірлерде ірі өндіріс орындарына инвестиция тартылып, әлеуметтік, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылым жаңғыртылуда. Аталған жобалардың жүзеге асырылуы, әр кезеңде атқарылған жұмыс барысы Премьер-министрдің жіті бақылауында, деп жазады baq.kz.

Нұрлыбек Нәлібаев еліміздің тау-кен өндіру саласындағы ең ірі инвестициялық жобалардың бірі – Аягөз ауданындағы «Aйдарлы» тау-кен байыту комбинатының іргетасын қалау рәсіміне қатысты.

Кешеннің құрылысын «Aidarly Mining» ЖШС жүзеге асыруда. Өндіріс алаңында ашық кеніш, ұсақтау кешені, байыту фабрикасы, сондай-ақ энергетикалық, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары бой көтереді. Бұл жобаның отандық тау-кен металлургия саласын дамытудағы және өңір экономикасын әртараптандырудағы стратегиялық маңызы зор. Жауапты тұлғаларға құрылысты бекітілген кестеге сәйкес жүргізу, инвестициялық міндеттемелерді уақтылы орындау және өндірісті белгіленген мерзімде іске қосу тапсырылды.

Одан кейін Бесқарағай ауданындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты Канонерка филиалының орман тұқымбағы мен орман тұқым стансасы кешеніне барды.

Ертіс бойындағы өртенген орман алқаптарын қысқа мерзімде қалпына келтіру мақсатында 2016 жылы іске қосылған кешен Қазақстандағы ғана емес, Орталық Азиядағы орман көшеттерін жабық тамыр жүйесімен өсіретін алғашқы әрі бірегей өндіріс орны саналады.

Инновациялық технологияның арқасында қарағай көшеттерін өсіру мерзімі екі жылдан бір жылға дейін қысқарып, тұқымның өнгіштігі 95%-ға дейін жеткен. Осы нысанда орман қорын ұлғайту, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және орманды қалпына келтіру жұмыстарын жүйелі жалғастыруға қатысты тапсырма берілді.

Жұмыс сапары барысында Семейдегі жылу нысандары назардан тыс қалған жоқ. Облыс орталығындағы ТЭЦ-1 кәсіпорнының өндірістік қызметі және алдағы жылу беру маусымына дайындық барысы туралы баяндалды.

Кәсіпорын 2026–2027 жылғы жылыту маусымына дайындық аясында 26 жобаны жүзеге асыруды жоспарлаған. Толық аяқталғаннан кейін облыстағы жылу желілерінің тозу деңгейі 55,6%-дан 52,3%-ға дейін, оның ішінде Семей қаласында 58,2%-дан 54,1%-ға дейін төмендейді деп күтілуде.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынып жатқан Семей қаласындағы автомобиль көпірінің құрылыс-монтаж жұмыстары 70%-ға орындалған. Көпір төрт жолақты қозғалысқа есептелген. Құрылысты аяқтау үшін арнаулы мемлекеттік қордан қаражат бөлінген. Көлік өткелінің стратегиялық маңызы зор. Сондықтан бөлінген қаражатты тиімді игеру және көпір арқылы көлік қозғалысын белгіленген кестеге сәйкес қамтамасыз ету тапсырылды.

Осы сапарда Семейдің Қарағайлы тұрғын ауданындағы 13 көппәтерлі тұрғын үй құрылысы, Семей теміржол вокзалын реконструкциялау барысы да басты назарда болды. Вокзалды жаңғырту аяқталған соң жалпы аумағы 3 мыңнан 4,7 мың шаршы метрге дейін ұлғайып, 143 метр жаяу жүргіншілер өткелі пайдалануға беріледі. Нысандағы жұмыс екі ауысыммен жүргізілуде, жөндеу кезеңінде жолаушыларға қызмет көрсету үшін уақытша күту орны ұйымдастырылған.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының вокзал инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында Абай облысында 10 теміржол вокзалын қайта жаңғырту жоспарланған. Жуырда Абай облысындағы Бородулиха ауданының Ауыл және Белағаш теміржол вокзалдары пайдалануға берілді. Өңірдегі сегіз вокзалда – Семей, Аягөз, Шар, Ақтоғай, Жалаңашкөл, Дегелең, Үшбиік және Жарма стансаларында жаңғырту жұмыстары жалғасуда.

Сапар қорытындысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары тұрғын үй құрылысын, теміржол вокзалдарын реконструкциялау жұмыстарын белгіленген мерзімде, сапалы етіп аяқтап, нысандарды уақтылы пайдалануға беруді тапсырды