Тіркелмеген шетелдік компаниялар төлемдер мен аударымдар туралы ақпаратты салық органдарына әр тоқсан сайын ұсынуға тиіс.
фото: Sputnik / Владислав Воднев
ERNUR.KZ. Салық кодексіне ұсынылған өзгерістер мен толықтырулар аясында мобильді аударымдарға қатысты тағы бір талап енгізіледі, деп жазады sputnik.kz.
Ұлттық экономика министрлігі Салық кодексіне енгізілетін өзгерістерге қатысты заң жобасын қоғамдық талқылауға шығарды.
Заң жобасына сәйкес, Қазақстан аумағында интернет-алаңдар арқылы қызмет көрсететін тіркелмеген шетелдік компанияларға қатысты төлемдер мен аударымдар туралы ақпарат салық органдарына әр тоқсан сайын ұсынылуға тиіс.
Атап айтқанда, бір күнтізбелік тоқсан ішінде атына 100-ден астам төлем немесе аударым жасалған және олардың жалпы сомасы тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын республикалық бюджет туралы заңда белгіленген 1 000 айлық есептік көрсеткіштен асатын тіркелмеген шетелдік компаниялар туралы мәлімет беріледі.
"Қазақстан Республикасының аумағында интернет-алаң арқылы қызметін жүзеге асыратын, олардың атына күнтізбелік тоқсан ішінде жүзден астам төлем мен аударым жасалған және олардың жиынтық сомасы (...) айлық есептік көрсеткіштің мың еселенген мөлшерінен асатын тіркелмеген шетелдік компаниялардың пайдасына жүзеге асырылған төлемдер мен аударымдардың қорытынды сомалары туралы мәліметтерді ұсынуға міндетті", — делінген заң жобасында.
Бұдан бөлек, жеке кәсіпкерлер немесе жеке практикамен айналысатын адамдар мобильді төлемдерді қабылдауға арналған құрылғы арқылы ағымдағы шотқа түскен төлемдердің жалпы сомасы туралы мәлімет ұсынуға тиіс.
Барлық ақпарат есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірмей жіберілуі керек.


