Мобильді аударым: 115 мың қазақстандық тексеріледі

0
184

Қазақстанда тұрмайтын 7800 шетел азаматы да мобильді аударымдар алған.


Мобильді аударым: 115 мың қазақстандық тексеріледі

Фото: forbes.kz

ERNUR.KZ. Қаржы министрі Мәди Тәкиев мобильді аударымдар бойынша белгіленген шектен қанша адамның асқанын айтты, деп жазады ulysmedia.kz.

Оның сөзінше, азаматтарға тиісті хабарламалар жіберілген.

«Біз 10 банкпен жеке тұлғалардың аударымдарын талдадық. Нәтижесінде үш ай ішінде 100-ден астам аударым қабылдап, олардың жалпы сомасы 1 млн теңгеден асқан 115 мың адам анықталды. Бұл тұлғалардың есепшоттарына жалпы көлемі 1 трлн теңге түскен. Қаражаттың негізгі бөлігі жеке тұлғаларға тиесілі», – деді министр Мәжіліс кулуарында.

Сондай-ақ Қазақстанда тұрмайтын 7800 шетел азаматы да мобильді аударымдар алған. Осыған байланысты олар бойынша бақылау күшейтілген.

«Бұл қаражаттың қайдан келгенін және қайда жұмсалғанын анықтаймыз. Бұдан бөлек, жеке кәсіпкерлер де бар. Олар бойынша сома шамамен 200 млрд теңгені құрайды. Барлығына хабарлама жіберілді. Мақсат жазалау емес, жағдайды түсіндіру. Анықталғандардың арасында такси қызметімен айналысатындар мен курьерлер өте көп», – деді министр.

Еске салайық, 1 қаңтардан бастап банктер мобильді аударымдар туралы мәліметтерді салық органдарына жолдай бастады. Мемлекет жеке карталар арқылы төлем қабылдайтын, бірақ ресми тіркелмеген кәсіпкерлік қызметті анықтап, көлеңкелі экономиканы азайтуды көздейді.