Медициналық-әлеуметтік сараптамадағы тәуелсіз сарапшылардың жұмысы: тізілімге 55 дәрігер кірді

0
143

Жыл басынан бері Қазақстанда мүгедектікті сырттай куәландыру процесіне медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшылары ресми түрде тартылып жатыр.


Медициналық-әлеуметтік сараптамадағы тәуелсіз сарапшылардың жұмысы: тізілімге 55 дәрігер кірді

ERNUR.KZ. Тізілімге арнайы іріктеуден өтіп, қазір жұмыс істеп жүрген мамандар кіре алады. Процесс туралы толығырақ ҚР ЕХӘҚМ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтып берді.

Тәуелсіз сарапшыларды іріктеу рәсімі ашық және автоматтандырылған. Дәрігер электронды жүйе арқылы өтініш береді және оның кәсіби деректері автоматты тексеруден өтеді: оның жұмыс тәжірибесі, лицензиясы мен сертификаттардың болуы. Әрі қарай үміткер медициналық-әлеуметтік сараптамаға байланысты мәселелер бойынша тестілеуден өтеді. Қабылдау туралы шешімді адам факторын болдырмайтын жүйе қабылдайды.

Үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар:
- жоғары медициналық білімнің болуы;
- денсаулық сақтау саласындағы маманның қолданыстағы сертификаты;
- соңғы 5 жылда медициналық-әлеуметтік сараптама мәселелері бойынша оқудан өткені туралы растау;
- жеткілікті кәсіби еңбек өтілі мен тәжірибесі.

Спикер тәуелсіз сарапшыларды тарту өтініш берушінің денсаулығын бағалауға бейтарап және объективті көзқарасты қамтамасыз етуге, қабылданатын шешімдердің әділдігі мен негізділігін арттыруға, кейбір жағдайда баламалы сараптамалық ұстанымды қалыптастыруға және сайып келгенде, мүгедектікті белгілеу жүйесіне азаматтар тарапынан сенім деңгейін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Комитет басшысы тізілімге енгізілген тәуелсіз сарапшылар жұмысының сапасына жүйелі мониторинг, сондай-ақ олар шығарған шешімдерге талдау жүргізіліп жатқанын айтты. Жұмыс нәтижелері төмен бағаланса, сарапшы қызметтен шығарылуы мүмкін. Мұндай мамандарды тізілімге қайта қосу қарастырылмаған. Ол 2024 жылғы пилоттық жобаға 50-ге жуық дәрігер қатысқанын, олардың 18-і іріктеуден сәтті өтіп, тізілімге енгізілгенін еске салды. Олар 7 мыңнан астам сараптамалық шешім шығарды.

«2025 жылдың 1 шілдесіне 55 тәуелсіз сарапшы сырттай проактивті куәландыруға қатысып жатыр. Олар 24 мыңнан астам сараптамалық шешім шығарды», – деді Төлеген Оспанқұлов.