Маңғыстау облысында мектеп оқушыларының жаппай улануы: Алты қызметкерге стафилококк диагнозы қойылды

0
672

7 қыркүйекте Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылындағы №8 мектепте оқушылардың жаппай улану оқиғасы орын алған еді.


Маңғыстау облысында мектеп оқушыларының жаппай улануы: Алты қызметкерге стафилококк диагнозы қойылды

ERNUR.KZ. Маңғыстау облысында 400-ден астам бала уланған мектеп асханасына қатысты тексеріс нәтижесі белгілі болды, деп жазады stan.kz.

7 қыркүйекте Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылындағы №8 мектепте оқушылардың жаппай улану оқиғасы орын алған еді.

Мамандар жоспардан тыс тексеріс жүргізіп, тамақтандыру қызметкерлерінен тамақ, су және жағынды үлгілерін алды. Нәтижесінде бірқатар бұзушылықтар анықталды:

  • Піскен тамақ өнімдерінен патогенді бактериялар зертханалық түрде дәлелденді (картоп езбесінен, құс етінен әзірленген котлеттен, соустан және компоттан );
  • Алынған сүртінді сынамаларының 20 пайызынан ішек бактериялары дәлелденді;
  • Мектеп асханасында жұмыс жасайтын 10 қызметкерден, 1 медициналық қызметкерден және 1 жеке кәсіпкерден алынған бактериологиялық тексеру нәтижесінде 6 маманнан стафилакок таяқшалары анықталды;
  • Мектеп асханасы қызметкері (ыдыс жуушы) – дизентерия бактериясын тасымалдаушы екені дәлелденді. Сондай-ақ осы қызметкердің балаларға ас таратушы болып қызмет арқарып, тамақты ластағаны белгілі болды.

Сонымен қатар, төрт асхана қызметкерінің медициналық картасы жалған болып шықты.

"Бұл жағдайлар ішектің кластерлік бактериялық инфекциялық ауруларының пайда болуына әкелді. Жалған медициналық карталар туралы ақпарат облыстық прокуратура мен ішкі істер департаментіне жолданды", – делінген Маңғыстау облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің хабарламасында.

Балалардың жаппай улануына байланысты Мұнайлы аудандық полициясы Қылмыстық кодекстің 304-бабының 1-бөлігі (Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғады.

Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысында Бесшоқы ауылындағы №8 мектепте оқушылар жаппай тамақтан уланып қалған еді. Деректерге сүйенсек, мектеп асханасына барған 1-4-сынып оқушылары зардап шеккен. Зардап шеккен қыздың туыстарының айтуынша, жергілікті ауруханаға барған кезде ол жақта кезекте 50-ден астам бала болған. Көрші Маңғыстау ауылының медициналық мекемесі 35-40 оқушыны бақылап, кейбір зардап шеккендерді Ақтаудағы облыстық балалар ауруханасына жіберген.