“Чемоданмен барып, пакетпен қайттық“ - қазақстандықтар Белград әуежайындағы оқиға туралы

0
93

Қарағандылық 41 жастағы Орынгүл мен оның құрбылары үшін Белградқа (Сербия) сапар күтпеген оқиғамен аяқталды.


“Чемоданмен барып, пакетпен қайттық“ - қазақстандықтар Белград әуежайындағы оқиға туралы

фото: tengrinews.kz.

ERNUR.KZ. Қайтатын рейс алдында әйелдер чемодандары қол жүгіне рұқсат етілген өлшемнен асып кеткенін білген. Багажға артық ақы төлемеу үшін олар заттарын кәдімгі пакеттерге салып алуды ұйғарған, деп жазады tengrinews.kz.

Белград әуежайында не болды?

Орынгүлдің айтуынша, Қазақстаннан Түркия арқылы Белградқа ұшқан кезде олардың чемодандарына ешқандай ескерту жасалмаған. Сондықтан әйелдер қайтар жолда багаж өлшеміне қатысты қиындық туады деп күтпесе керек.

"Біз үйреншікті ережелерге сүйеніп, қол жүгі ретінде шағын чемодандар алған едік. Сербиядан ұшар кезде өлшем соншалықты қатаң тексерілетінін ойламадық", - дейді ол.

Белград әуежайында әуекомпания қызметкерлері қол жүгі өлшемін тексеріп, чемодандар белгіленген талаптарға сай емес екенін анықтаған. Мұндай багажбен жолаушылар бортқа жіберілмеген.

Оларға әр адам үшін багажға шамамен 68 мың теңге қосымша ақы төлеу ұсынылған.

"Бұл ақшаға жаңа үш чемодан сатып алуға болады деп ойладық. Сондықтан ақша төлемеуді ұйғарып, заттарымызды пакеттерге ауыстырып салдық", - деді Орынгүл.

Нәтижесінде әйелдер үйіне чемоданның орнына пакет ұстап қайтты. Ұшуға аз уақыт қалғандықтан, оларға заттарын жылдам жинап, ұшу алдындағы рәсімдерден өтіп, отырғызуға үлгеру керек болды.Орынгүлдің сөзінше, мұндай жағдайға тап болған қазақстандықтар олар ғана емес. Дегенмен, құрбылардың есінде ерекше қалғаны - ұшаққа барар жол.

"Асығып ұшаққа қарай жүгірдік: пакеттерден алма мен банан шашылып, заттарды жол-жөнекей қағып алып жаттық. Ұшаққа жеткізетін көлікке барғанымызда, өзге жолаушылар бізді күтіп тұр екен", - деп бөлісті ол.

Саяхатшы қандай кеңес берді?

Оқиғадан кейін саяхатшы багаж басқа әуежайларда өткізілгеніне сеніп қалмауға кеңес береді.

"Әрбір ұшу алдында дәл сол әуекомпания ережелерін тексеріңіз. Қол жүгінің салмағына ғана емес, көлеміне де назар аударыңыз. Өлшеу кезінде дөңгелегі, тұтқасы және шығып тұратын барлық бөлігі ескеріледі", - деп кеңес берді ол.

Сондай-ақ Орынгүл сапар соңында күтпеген келеңсіздік болмас үшін, алдын ала қосымша шығынға ақша дайындап қоюды ұсынады.

Айта кетейік, саяхатқа чемодан таңдағанда оның өлшемі мен салмағына ғана емес, түсіне де мән берген жөн. Тым қарапайым багажды таспа үстінде басқа біреудің затымен шатастырып алу оңай. Сондықтан кейбір әуекомпаниялар үйреншікті қара, сұр және қою көк түсті чемодандарды таңдамай, ашық түсті модельдерге назар аударуға кеңес береді.