Франция астанасында ақсақал Сәрсенбай Қотырашевті дипломаттар мен отандастары қошеметпен, шашу шашып қарсы алды.
Фото: instagram.com/ulytaumen
ERNUR.KZ. Ұлытаулық 76 жастағы ақсақал Парижге жаяу жетті. Ол 53 күнде шамамен үш мың шақырым жол жүріп, Сербия, Венгрия, Аустрия және Германия елдерінде де болған, деп жазады stan.kz.
Франция астанасында ақсақал Сәрсенбай Қотырашевті дипломаттар мен отандастары қошеметпен, шашу шашып қарсы алды.
Еуропа – Ulytauman деген атпен танылған саяхатшының төртінші сапары. Ол төрт жыл бұрын Қазақстанды жаяу аралап шыққан. Кейін Кавказ арқылы Ыстамбұлға, одан соң Алтай мен Моңғолия арқылы Бейжіңге дейін барған.
Саяхатшының айтуынша, Еуропадағы сапар оңай болмаған. Ол қатаң ережелерге байланысты автожолмен тура жүре алмай, көп жағдайда айналма жолдармен, веложолдармен және жолсыз жерлермен жүруге мәжбүр болған. Мұндай ауыр жолға шамадан салынған арбасы да шыдамаған. Алайда ақсақал өз ұстанымы мен мақсатына адал болып қалған.
“Өз үлгім арқылы бүкіл әлемге қазақтардың қайсар, мықты халық екенін көрсеткім келеді. Біздің ата-бабаларымыз темірді алғаш игеріп, металл өңдеген, астрономиямен айналысқан, жылқыны қолға үйреткен. Менің мақсатым – 75 жастан асқан жаяу саяхатшы ретінде Гиннестің рекордтар кітабына ену. Ол үшін экватор ұзындығынан да көп жол, яғни 40 мың шақырымнан аса қашықтықты еңсеру керек. Бүгінде мен 18 мың шақырым жүріп өттім. Мақсатыма жетемін деп үміттенемін”, – деді Сәрсенбай Котырашов.
Ақсақал туған жері Ұлытауға оралған соң ұсталық жұмысын жалғастырып, жаңа сапарға дайындалмақ. 2027 жылы Сәрсенбай Қотырашев АҚШ-қа саяхат жасауды жоспарлап отыр. Ол Атлант мұхиты жағалауынан Тынық мұхитына дейінгі аралықта 8 штатты жаяу жүріп өтпек.
Айта кетейік, Сәрсенбай Қотырашев 2022 жылы бүкіл Қазақстанды бір арбамен жаяу аралап шығу туралы шешім қабылдаған. Ер адамның айтуынша, ол мұндай сапарға алты жыл бойы ойланып, дайындалған. Отбасы алаңдап, оны райынан қайтаруға тырысқан. Алайда сапарының үш негізгі мақсатын айқындаған соң жолға шыққан.
Сол кезде ол наурыз айының соңында Ұлытау облысынан шығып, шілдеде Петропавлға жеткен. Қыркүйек айының соңында Сәрсенбай Қотырашовты Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауылына жақын маңда жол бойынан кездестірген. Ақсақал былтырғы сапарын қазан айының басында Каспий жағалауындағы Ақтауда аяқтаған.
Кейін ақсақалға Жезқазғаннан екі бөлмелі пәтер сыйға тартылғаны белгілі болды. 2023 жылы қазақстандық ақсақал жаяу жүріп, алдымен Түркияға, кейін Грузияға жетті.
Ал былтыр марафоншы Еуропаға кезекті сапарына аттанды. Ол Болгариядан Францияға дейін 3200 шақырым жол жүруді мақсат еткен.


