Қызылордада оқушылар арасында алғаш рет республикалық «JuniorSkills-2025» кәсіби шеберлік конкурсы өтті

0
93

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Қызылорда облысында республкиалық «JuniorSkills-2025» жасөспірімдерге арналған кәсіби шеберлік сайысы ұйымдастырылды.


Қызылордада оқушылар арасында алғаш рет республикалық «JuniorSkills-2025» кәсіби шеберлік конкурсы өтті

ERNUR.KZ. Оған еліміздің 8 өңірінен, яғни Алматы қаласынан және Алматы, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Шымкент, Түркістан мен Қызылорда облыстарынан 9 сынып оқушылары қатысты. Байқау «Ағаш ұстасы», «Кондитерлік іс», «Сән технологиясы», «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету», «Мобильді робототехника» құзыреттіліктері бойынша өтті, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.

Байқау балалар мен жасөспірімдерді ерте жастан еңбекке баулып, болашақ кәсібін таңдауға көмектесу, жұмысшы мамандықтарға қызығушылықтарын арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Мұнда оқушылар өздерінің қабілеттерін, кәсіби дағдыларын іс жүзінде көрсетуге мүмкіндік алады, құзіреттіліктер бойынша модульдік тапсырмалар орындайды.

«Осыған дейін бұл байқау жергілікті деңгейде ұйымдастырылып келді. Биыл Жұмысшы мамандықтар жылы аясында алғаш рет республикалық деңгейде өтіп отыр. Конкурсқа қатысқан әрбір оқушы өзін жаңа қырынан таниды. Жобаның техникалық және кәсіптік білімге балалардың қызығушылықтарын қалыптастыруда маңызы зор», – деп атап өтті Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің басшысы Әсет Мұхамбетов.

Байқау қорытындысы бойынша «Кондитерлік іс» құзыреттілігі бойынша Ақтөбе, «Ағаш ұстасы» құзыреттілігі бойынша Қызылорда, «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету» құзыреттілігі бойынша Түркістан облысынан келген қатысушылар жеңімпаз болып танылды.