Алматыда ірі жол апаты болды: кінәлі жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен

0
188

​Апаттың мән-жайын полиция анықтап жатыр.


Алматыда ірі жол апаты болды: кінәлі жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен

Фото: istockphoto.com

ERNUR.KZ. 12 қазанға қараған түні Алматыда төрт көлік соқтығысты. Жол апаты Рысқұлов даңғылы мен Шәріпов көшесінің қиылысында болған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, Changan X5 көлігінің жүргізушісі Рысқұлов даңғылынан Шәріпов көшесіне солға бұрылмақ болған. Куәгерлердің айтуынша, қарсы бағыттағы көліктер легі тоқтап тұрған. Сол сәтте Toyota Altezza көлігі қиылысқа оң жақ шеткі жолақпен жоғары жылдамдықпен кіріп, кроссовермен соқтығысқан.

Соққыдан кейін басқарудан шыққан Toyota Altezza Шәріпов көшесінде тұрған Toyota Camry мен Chevrolet Cobalt көліктеріне соғылған.

Жол апатынан Camry салонындағы үш адам зардап шеккен. Олардың арасында қолы сынған жүргізуші, оның анасы және бала бар. Алдын ала мәлімет бойынша, Changan X5 көлігінде болған бала жарақат алмаған.

Куәгерлердің сөзінше, Toyota Altezza жүргізушісі апаттан кейін өзін оғаш ұстап, полиция шақырмауды өтінген. Кейін ол күтпеген жерден оқиға орнынан кетіп қалған. Телефон арқылы наубайханаға жұмысқа бара жатқанын айтқан.

Бастапқыда Changan X5 жүргізушісі тыйым салынған бағдаршам түсіне қарамастан бұрылуды аяқтаған болуы мүмкін деген болжам болған. Алайда жол полициясы бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттей келе, Toyota Altezza көлігі жыпылықтап тұрған жасыл бағдаршамға өткенін анықтаған. Осыған байланысты кроссовер жүргізушісі жол беруі тиіс болған.

Қазір құқық қорғау органдары жол апатының мән-жайын анықтап жатыр.