Қызылордада балабақша қызметкері кішкентай қызды жуындырамын деп қайнаған суға күйдіріп алған

0
113

Оқиға 22 мамырда облыс орталығындағы жекеменшік балабақшада болған.


Қызылордада балабақша қызметкері кішкентай қызды жуындырамын деп қайнаған суға күйдіріп алған

Фото: depositphotos.com

ERNUR.KZ. Қызылордадағы балабақшалардың бірінде бір жарым жасар қыз күйік алды. Жәбірленушінің анасының айтуынша, тәрбиеші мен күтушінің әрекетінен бүлдіршін күйіп қалған, деп жазады stan.kz.

Оқиға 22 мамырда облыс орталығындағы жекеменшік балабақшада болған. Бүлдіршіннің анасының айтуынша, қызы қазір ауруханада ем қабылдап жатыр.

“Бір жарым жасар қызымның денесі бірінші, екінші және үшінші дәрежелі күйік алды. Ол ауыр халде жансақтау бөліміне түсті. Қазір палатаға ауыстырылды, бірақ жағдайы ауыр. Ата-ана ретінде бұл оқиғаның әділ тексерілуін, тәрбиеші мен күтуші ғана емес, балабақша басшылығы, Қызылорда қалалық білім басқармасының қызметкерлері де жауапкершілікке тартылуын талап етеміз. Мұндай қасірет ешбір баланың, отбасының басына түспесін. Балабақшалардың қызметіне бақылауды күшейту керек", – деп жазды зардап шеккен қыздың анасы.

Балабақша меңгерушісі жағдайға кінәлі екі қызметкер жұмыстан босатылғанын хабарлады. Оның айтуынша, балабақша зардап шеккен баланың анасымен байланыста.

"22 мамырда балабақша оқушысы дәретханада жүргенде киімін ластап алған. Мұғалімнің көмекшісі оны жуындырмақ болып абайсызда ыстық судың шүмегін ашқан, салдарынан кішкентай қыз күйік алды. Болған жағдай үшін ата-анадан кешірім сұраймыз. Біз емдеуші дәрігерден нәрестенің жағдайын үнемі сұрап, балаға не қажет екенін күнделікті біліп отырмыз. Отбасына мүмкіндігінше көмектесеміз. Балабақшаның шешімімен екі қызметкер жұмыстан шығарылды. Баланың толық сауығып кеткенше емделуіне кететін барлық шығынды өзіміз көтереміз. Жағдай бақылауда", – деді балабақша меңгерушісі Ақжан Абдуллаева.

Облыстық көпсалалы балалар ауруханасы баланың жансақтау бөлімінен жарақат бөліміне ауыстырылғанын растады. Дәрігерлер жағдайды ауыр деп бағалап отыр.

"Қыздың қолын, ішін, арқасын, жамбасын және сол аяғын термиялық күйік шалған. Терінің шамамен 20 пайызы зақымдалған. Дәрігерлер баланың денсаулығын қалпына келтіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Әдетте сауығып кету шамамен 20 күнге созылады", – дейді балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Сәбит Тұрсынбекұлы.