Қытайлық корпорация өнеркәсіптік және тұрғын үй нысандарын салу, сондай-ақ ауыл шаруашылығын дамытуға маманданған.
Фото: gov.kz
ERNUR.KZ. Қытайлық Beijing Guancheng Shenghua Investment компаниясы Солтүстік Қазақстан облысында элеватор мен құрама жем зауытын салуды жоспарлап отыр, деп жазады inbusiness.kz.
Бұл туралы компанияның басқарма төрағасы Ма Юнху өңір әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовпен кездесуде хабарлады. Қазір компания Солтүстік Қазақстан облысының аумағында элеватор мен құрама жем зауытын салуға инвестиция салуды көздейді.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың айтуынша, өңірде Qyzyljar арнайы экономикалық аймағын кеңейту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Ғ.Мүсірепов және Тайынша аудандарында жаңа субаймақтар құру жоспарлануда, олар шетелдік инвесторларға жаңа өндірістерді іске қосу үшін қолайлы жағдайлар жасайды.
"Солтүстік Қазақстан облысы тікелей инвестицияларға, технологиялық әріптестікке және халықаралық бизнеспен бірлескен жұмысқа ашық. Мұндай жобаларды іске асыру өңір экономикасын нығайтады, жаңа жұмыс орындарын ашады және агроөнеркәсіптік сектор мен инфрақұрылымды дамытуға қосымша серпін береді", – деп атап өтті өңір басшысы.