Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Шу және Талас өзендері бойынша ынтымақтастық 2000 жылы қол қойылған Келісім негізінде табысты дамып келеді.
ERNUR.KZ. Осы құжат аясында Шу-Талас су шаруашылық комиссиясы тұрақты түрде жұмыс істейді, жылына кемінде екі рет су шаруашылық нысандарын бірлесіп күтіп ұстау мәселелерін қарайды, олардың жұмыс режимдерін үйлестіреді және су беру кестесін вегетациялық кезеңге бекітеді. ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров ОКҚ алаңында осылай деді.
2025 жылы комиссия екі рет жиналды. Сәуір айындағы отырыста су беру кестесі бекітілді, бұл вегетациялық кезеңді тұрақты және алдын ала болжанған режимде өткізуге мүмкіндік берді. 2025 жылы Шу-Талас өзендері арқылы жалпы 2 млрд 473 млн м³ су келді, оның ішінде Шу өзені арқылы 1 млрд 733 млн м³, Талас өзені арқылы 740 млн м³ су келді. Су беру келісілген параметрлерге сәйкес жүргізіліп, Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы өндірушілері сумен толық қамтамасыз етілді.
«Сонымен қатар екіжақты ынтымақтастықтың келісім-құқықтық базасын жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, 2000 жылғы Келісімге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманың жобасы әзірленіп, келісілуде. Сондай-ақ Шу өзеніндегі Чумыш гидротехникалық торапын басқару және пайдалану режимі туралы бөлек келісім жобасы әзірленді. Бұл құжатта қазіргі су бөлу механизмдерін нақтылау мен жаңарту, сондай-ақ трансшекаралық гидротехникалық нысандарды тұрақты жөндеу эксплуатация жұмыстарын жүргізуді құқықтық бекітуге бағытталған», – деді спикер.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда су еліміз үшін стратегиялық ресурс және бұл мәселемен жүйелі түрде айналысу қажеттілігін ерекше атап өтті. Осыған байланысты, Министрлік алдағы уақытта трансшекаралық өзендер бойынша ынтымақтастықты және су саласындағы дипломатияны одан әрі дамыту үшін келісім – құқықтық базаны нығайту, тараптардың іс-қимылдарын үйлестіруді арттыру, су шаруашалығы іс-шараларын бірлесіп жоспарлауды кеңейту және тұрақты су энергетикалық балансты қалыптастыру бағытында тиісті жұмыстар атқарады.
Қазақстанның көрші мемлекеттермен өзара әрекеті жүйелі және конструктивті негізде, өзара құрмет және барлық тараптардың мүдделерін ескеру принциптеріне сәйкес жүргізіледі.


