ҚР ТЖМ жылыту маусымы кезеңінде өрттің алдын алу бойынша күшейтілген жұмысты жалғастыруда

0
109

Профилактикалық іс-шаралар жылыту маусымы басталғанға дейін алдын ала жүргізілді.


ҚР ТЖМ жылыту маусымы кезеңінде өрттің алдын алу бойынша күшейтілген жұмысты жалғастыруда

ERNUR.KZ. Бұл жұмыстың басты мақсаты –тұрғын үй секторындағы өрттердің санын азайту және адам өліміне жол бермеу. Республикалық өрт қауіпсіздігі профилактикалық айлығы аяқталды. Оның аясында жергілікті атқарушы органдардың, волонтерлердің, бұқаралық ақпарат құралдар мен жұртшылықтың қатысуымен ауқымды жұмыс ұйымдастырылды. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты.

Оның хабарлауынша, мамандар рейдтер, нұсқаулар, интерактивті іс-шаралар, практикалық жаттығулар өткізіп, халыққа көмек көрсетті.

«Халықтың әлеуметтік осал топтарының 108 мың тұрғын үй, сондай-ақ 225 мыңнан астам көпбалалы отбасы ТЖМ есебінде тұр. Оларға жылыту және электр жүйелерін жарамды күйге келтіру, түтін мұржаларын күйеден тазарту және басқа да профилактикалық көмек көрсетілді. Рейд барысында 89 мыңнан астам үй өртке қауіпсіз жағдайға келтірілді. Әкімдіктермен және волонтерлермен бірлесіп, тұрғын үйлерде газ бен түтін датчиктерін орнату бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Биыл 31 мыңнан астам датчик орнатылды», – деді спикер.

Балаларға өрт қауіпсіздігі ережелерін үйретуге де ерекше назар аударылады. Балабақшалар мен мектептерде интерактивті сабақтар, практикалық жаттығулар өткізіледі. Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін Брайль шрифтіне бейімделген арнайы жаднамалар әзірленді. Өткізіліп жатқан іс-шаралар өзінің тиімділігін көрсетуде.

Биылғы жылыту кезеңінде тұрғын үй секторындағы өрттер санының азаюы, сондай-ақ қаза болғандар мен жарақат алғандар санының азаюы тіркелді. Пешті пайдалану кезінде улы газбен уланудан қаза болу және жарақат алу жағдайларының төмендегені байқалады.

Айта кетерлігі, 2025 жылдың 10 маусымында Төтенше жағдайлар министрлігі өрт қауіпсіздігі ережелеріне өзгерістер енгізді. Оған сәйкес жеке тұрғын үйлердің тұрғын үй-жайлары автономды өрт датчиктерімен міндетті түрде жабдықталуға тиіс.

«Жылыту маусымы енді ғана басталды. Алда әлі бірнеше суық ай бар. Төтенше жағдайлар министрлігі маусым бойы профилактикалық жұмысты жалғастырады және барлық азаматтарды жауапкершілік танытып, өрт қауіпсіздігі шараларын сақтауға шақырады», – деп ескертті Комитет төрағасы.