ҚР АШМ: Қайтарылған жерлер одан әрі тиімді пайдаланылуы тиіс

0
92

Ауыл шаруашылығы министрлігі бұрын мемлекетке қайтарылған жерлерді облыстар бойынша кезең-кезеңімен қайта бөлудің жоспарын әзірлеп, бекітті.


ҚР АШМ: Қайтарылған жерлер одан әрі тиімді пайдаланылуы тиіс

ERNUR.KZ. Оған сәйкес қайта бөлінбеген барлық қалған аумақтарды қамтиды және оларды кезең-кезеңімен әрі жедел түрде экономикалық айналымға енгізуді көздейді. Бұны ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов ОКҚ баспасөз мәслихатында айтты.

Осы ретте әкімдіктер жерлерді одан әрі бөлу туралы шешімдер қабылдау кезінде жергілікті халықтың нақты сұраныстарын ескерулері қажет.

«Яғни мәселе жерді жай ғана мемлекетке қайтарумен шектелмейді. Негізгі мақсат - қайтарылған жерлерді одан әрі тиімді пайдалану, одан нақты нәтиже алу, ең алдымен, ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қажеттіліктерін қамтамасыз ету», – деді АШМ өкілі.

Айта кетерлігі, биыл еліміздегі қайта бөлінген жерлердің жалпы көлемі 13,5 млн гектарды құрады. Оның ішінде 5,5 млн га жер мал жаю үшін жергілікті халықтың ортақ пайдалануына, ал 8 млн га жер ауыл шаруашылығы өндірісі субъектілеріне конкурстық негізде берілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2023 жылмен салыстырғанда жайылым тапшылығы 8,4 млн гектардан 2,4 млн гектарға дейін төмендеді.

Осылайша, мемлекетке қайтарылған жерлер біртіндеп нақты қолданысқа енгізілуде. Бір бөлігі халықтың жайылымдық жерлерге деген қажеттілігін қамтамасыз етуде, екінші бөлігі конкурстық негізде ауыл шаруашылығы өндірісіне тартылуда.

Бұл жұмыстың барлығы Қазақстан Республикасының заңнамасына және Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.