Қостанайдағы подполковник қазасы: Жәбірленушіні оқиға орнында тастап кеткен адамға үкім шықты

0
137

Үкім заңды күшіне енген жоқ.


Қостанайдағы подполковник қазасы: Жәбірленушіні оқиға орнында тастап кеткен адамға үкім шықты

ERNUR.KZ. Қостанай соты мас күйінде жол апатын жасап, адам өліміне себепкер болған жүргізушіге үкім шығарды, деп жазады baq.kz.

Федоров аудандық сотында көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарып, жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан абайсызда адамның өліміне әкеп соққан, сондай-ақ жол-көлік оқиғасы болған орында жәбірленушіні тастап кеткен ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды.

2025 жылғы мамыр айында сотталушы алкогольдік масаң күйде "Volkswagen Touareg" маркалы автокөлікті басқарып, Федоров ауылында көшеде қозғалып келе жатып, сол бағытта келе жатқан және солға бұрылу маневрін аяқтап жатқан "ВАЗ 21214" маркалы автокөлікпен соқтығысқан.

Айта кетейік, жол апаты салдарынан учаскелік полиция инспекторы, полиция подполковнигі Батырсаим Зайтинов қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан еді.

Сот сотталушының жеке басын, істеген әрекеттерінің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, істің барлық мән-жайларын және ҚК-нің 55-бабының 2-бөлігінің талаптарын ескере отырып, сотталушыны кінәлі деп таныды. Оған қатысты қылмыстар жиынтығы бойынша 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру, сондай-ақ 10 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасын тағайындады, - деп жазылған сот хабарламасында.

Жаза қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеледі.

Жәбірленушінің азаматтық талабы қанағаттандырылып, сотталғаннан моральдық зиян мен келтірілген материалдық шығын өндіріп алынды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.