Заң бұзғаны үшін ұйымға Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ескерту жасады.
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев
ERNUR.KZ. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі inDrive сервисіне бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін және клиенттердің құқығын шектеуге әкелуі мүмкін әрекеттерге жол бермеу туралы алдын ала ескерту жолдады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Агенттік хабарлап отырғандай, бірнеше күн бұрын, 11 қазанда «Яндекс Go» сервисі «құдап» қалған.
«Халық такси шақыруға арналған балама платформаларға жаппай ауысқан кезде inDrive қызметіне сұраныс айтарлықтай артты. БАҚ мәліметінше, жекелеген жағдайларда сапар құны үш есеге жуық өскен», - деп хабарлайды агенттік.
Негізінде, агенттіктің мамандары анықтағандай, inDrive сервисінің жұмыс істеу ерекшелігін ескере отырып, сапар құны жолаушы мен жүргізуші арасындағы келісім бойынша белгіленеді. Бос автокөліктердің тапшылығы жүргізушілер ұсынатын тарифтердің едәуір өсуіне алып келді.
«inDrive компаниясының БАҚ-та таратқан ақпаратына сәйкес, жағдайды тұрақтандыру мақсатында сервис комиссияны міндетті салықтарды жабуға жеткілікті ең төменгі деңгейге дейін төмендетіп, сондай-ақ баға бойынша саудаласудың шекті ауқымына қатысты шектеулер енгізген», - деп хабарлайды агенттік.
Осы ретте Бәсекелестікті қорғау агенттігі Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабын еске алып, ескерту жасаған.


