Ақтауда балалар ойын алаңын өртеп жіберді: Ата-аналарынан өтемақы талап етілмек

0
193

Алдын ала болжам бойынша, өрттен келген шығын көлемі 5 млн теңгеге жуықтайды.


Ақтауда балалар ойын алаңын өртеп жіберді: Ата-аналарынан өтемақы талап етілмек

Фото: lada.kz

ERNUR.KZ. Оқиға 11 қазанда 32А шағынауданындағы №15 үйдің ауласында болған, деп жазады inbusiness.kz.

Ақтауда екі қыз балалар алаңындағы матрасты өртеп жіберген. Соның салдарынан ойын кешені, әткеншектер мен жердегі жұмсақ жабын өртеніп, 4 млн 890 мың теңге шығын келген.

Тұрғындар балалар алаңынан түтін шыққанын байқап, құтқарушыларға хабарлайды. Алғашында алаңда қоқыс өртенген деп тіркеледі. Алайда кейіннен екі жасөспірім қыздың алаңда жатқан матрасты өртегені анықталды.

"Болашақ Өзен" ЖШС өкілдерінің мәліметінше, полиция оқиғаға қатысы бар екі қызды анықтаған. Компания келтірілген шығынды өндіріп алу үшін құқық қорғау органдарына арыз дайындап, қыздардың ата-аналарын әкімшілік жауапкершілікке тартуды көздеп отыр.

Компания балалар алаңының жалпы құнын 10,8 млн теңгеге бағалады.