Қосшыда жасанды интеллектісі бар 1,5 мың камера іске қосылды

0
214


ERNUR.KZ. Қосшы қаласында ақылды камералары бар Жедел басқару орталығы іске қосылды, деп жазады inbusiness.kz

Қалада 1000 жаңа бейнебақылау камерасы іске қосылып, бұған дейін орнатылған тағы 500-ге жуық камера жасанды интеллект элементтері бар бірыңғай зияткерлік платформаға біріктірілді.


“Барлық бейнеағын тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейтін қалалық жаңа Жедел басқару орталығына шоғырландырылады”, – деп жазылған хабарламада.

Жедел басқару орталығы мониторинг пен әрекет етудің бірыңғай нүктесі ретінде қалыптастырылған. Мұнда полиция департаментінің қызметкерлері мен әкімдіктің коммуналдық қызметтері бірлесіп жұмыс атқарады.

Орталық мамандары абаттандыру, жол инфрақұрылымы, коммуналдық желілер және қалалық шаруашылықтың өзге де бағыттары бойынша тұрғындардың өтініштерін жедел қабылдап, пысықтайды.

Жүйеге азаматтардың жедел қызметтермен шұғыл байланысуына арналған екі SOS батырмасы, биік ғимараттарға орнатылған үш жоғары дәлдіктегі камера, сондай-ақ құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейтін сегіз мобильді патруль енгізілген. Олардың бірі жедел жәрдем көлігіне орналастырылған.

“ Қосшы 1,5 мың жасанды интеллекті бар камераны біріктіретін бірегей цифрлық платформа аясында тоғыстырған алғашқы қала болды. Бұл Қосшы тұрғындары үшін құқықтық тәртіп пен қолайлы ортаны қамтамасыз ететін орталық “, – деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.