Қорғаныс министрі қаза болған сарбаздардың отбасымен кездесіп, көңіл айтты

0
84


Қорғаныс министрі қаза болған сарбаздардың отбасымен кездесіп, көңіл айтты

Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
ERNUR.KZ. Қазақстанның Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов Маңғыстау облысында Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза болған әскери қызметкерлердің отбасыларына барды, деп жазады Stan.kz.

Министр қаза тапқан сарбаздардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, отбасы мүшелерінің қайғысына ортақ екенін жеткізді.


“Олар біз үшін жай ғана әскери қызметкерлер емес – біздің қаруластарымыз, ұлдарымыз бен бауырларымыз. Олардың қазасы – барша Қарулы күштер үшін орны толмас ауыр қаза. Біз туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, осы қиын кезеңде олармен бірге боламыз”, – деді Дәурен Қосанов.

министр
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қаза болған әскери қызметкерлердің арасында Мейрамбек Бердіханов, Азамат Мәдіхан және Дастан Бегей бар. Олар Жаңаөзен қаласынан, ал Мирас Тұрдыбекұлы Жетібай ауылынан мерзімді әскери қызметке шақырылған.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, сарбаздар әскери қызмет барысында өз міндетін жауапкершілікпен атқарып, тәртіпті әскери қызметкер ретінде танылған.

Дәурен Қосанов қаза болғандардың отбасылары көмексіз қалмайтынын айтты. Оның сөзінше, Қорғаныс министрлігі марқұмдардың жақынына жан-жақты қолдау көрсетіп, туындаған мәселелерді шешуге көмектеседі. Ведомство отбасылармен тұрақты байланыста болмақ.