Көпбалалы әйелін сабаған еркек, араша түскен бала: полиция желідегі видеоға қатысты түсініктеме берді

0
86

Видео сипаттамасында аталған оқиға Алматы облысының Қарасай ауданында болғандығы айтылады.


Көпбалалы әйелін сабаған еркек, араша түскен бала: полиция желідегі видеоға қатысты түсініктеме берді

Сурет: pexels

ERNUR.KZ. 2025 жылдың 21 мамырында әлеуметтік желіде ер адамның әйелді ұрып-соғып жатқан, ал шыр-шыр еткен бала анасын қорғауға барынша тырысқан видео тарады, деп жазады zakon.kz.

Видео сипаттамасында аталған оқиға Алматы облысының Қарасай ауданында болғандығы айтылады. Күйеуі балаларының көзінше әйелін ұрып-соққан. Көршісінің айтуынша, бұл отбасында тоғыз бала бар. Ал видеодағы 10 жасар ұл бала әкесінен шешесін ұрмауын сұрап, жалынуда. Өңір полициясы аталған видеоға қатысты түсініктеме берді.

"Желіде пайда болған отбасылық зорлық-зомбылық фактісі туралы ақпаратқа байланысты мынаны хабарлаймыз. Полиция қызметкерлері аталған оқиға бойынша тексеру жүргізді. Бұл факт шынымен де орын алғаны анықталды, бірақ оқиға 2019 жылы болған. Ол бойынша заңда белгіленген тәртіппен тиісті іс процессуалдық шешімдер қабылданды. Бүгінгі таңда қосымша тергеуді қажет ететін жаңа жағдайлар анықталған жоқ", делінген Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің түсініктемесінде.

Қазақстандықтардан ақпаратты таратуда оған жауапкершілікпен қарау сұралады.

"Жалған немесе контекстен үзіп-жұлынып алынған мәліметтерді жариялау жұртты жаңылыстыруы мүмкін және халық арасында негізсіз толқу тудыруы мүмкін", – деп атап өтті полициядағылар.