Қонаевта туристік база маңындағы жағажайда бала тоққа түсіп қалды

0
150

Қайғылы оқиға 24 мамырда Капшағайдағы демалыс базаларының бірінің маңында болған.


Қонаевта туристік база маңындағы жағажайда бала тоққа түсіп қалды

Көрнекі сурет: depositphotos.com/Andreua

ERNUR.KZ. Капшағай жағалауында 11 жастағы баланы тоқ соғып, мерт болды, деп жазады tengrinews.kz.

Әлеуметтік желілерде тараған видеода баланың туысының айтуынша, қайғылы оқиға 24 мамырда Капшағайдағы демалыс базаларының бірінің маңында болған. Сондай-ақ, көмекке жүгіріп барған бірнеше адам да тоқ соғу салдарынан зардап шеккен.

Әйелдің айтуынша, жабдықталмаған жағажайда, клубтың маңында бархандар мен көзге көрінбейтін төмен иіліп тұрған электр сымдары болған.

"24 мамырда шамамен сағат 12-де менің жиенім барханға ойнауға кеткен. Әрине, төмен салбырап тұрған сымды байқамаған болуы мүмкін, өйткені ол аспан фонында көрінбейді. Соның салдарынан оны тоқ соқты. Бұл жайында қорытынды бар. Баланы бірінші болып көрген әжеміздің айқайын естіп көмекке жүгірген бір қызды да тоқ соқты. Ол екінші дәрежелі күйік алды. Ағасына еңкей деп айқайлап үлгерген. Тағы бір жігітті де тоқ соқты", – деді әйел.

Оның айтуынша, жағажайда ешқандай ескерту белгісі болмаған.
"Олар (әкімшілік – еск.) бұл мәселені білген, өйткені былтыр сол жерде олардың сиырларын да тоқ соққан. Бірақ әкімшілік демалушылардың қауіпсіздігі үшін ешқандай шара қолданбаған. Кіреберісте ешкім ескертпейді, аумақ қоршалмаған, ешқандай қағаз ілінбеген", – дейді қаза тапқан баланың туысқаны.

Қонаев әкімдігі мәліметінше, көрсетілген аумақтағы электр желілері жекеменшікке тиесілі.

"Қайғылы оқиғадан кейін бағаналар жағажайдан алысырақ жерге көшірілді. Аталған факт бойынша Қонаев полиция басқармасымен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 306-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу алды іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Жағдай әкімдік бақылауында", – деп хабарлады Қонаев әкімдігі.