Қазіргі уақытта балалар үйінде 100-ден астам тәрбиеленуші тұрады.
Фото: Алматы облысы әкімдігі
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Алматы қаласындағы балалар үйінің төңірегіндегі жағдайға қатысты пікір білдірді.
Алматы облысының №1 балалар үйі апатты жағдайына байланысты Алматыдан Қонаевқа көшірілген еді.
– Балалар үйі Алматы қаласында орналасқан және біз оны қаланың қарамағына беруді жоспарлап отырмыз. Жалпы аумағы шамамен екі гектар. Алматы қаласы әкімдігіне берілгеннен кейін бұл жерге қатысты жобалау жұмыстары бас жоспар мен экологиялық талаптарға сәйкес жүргізілетін болады, - деді облыс басшысы.
Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, ол бұл балалар үйіне бірнеше рет барған және оның жағдайы нашар екенін көрген.
– Облыстық білім басқармасы мен ұстаздар Қонаевта, ал балалар сол жақта тұрады. Директор мен тәрбиешілер бар, бірақ жалпы алғанда балалар өз бетімен қалған – демалыс күндері сауда орталықтарына барады, қалағанынша уақыт өткізеді. Алайда нәтижеге қарасақ, жоғары оқу орындарына түсетіндердің саны өте аз. Мен олардан кім болғылары келетінін сұрадым. Бірі – баскетбол жаттықтырушысы болғысы келеді, бірақ ол еш жерде кәсіби дайындықтан өтпеген, тек балалар үйінің алаңында ойнайды. Екіншісі – әскери маман болғысы келеді. Мен оған Қонаевтың маңында әскери бөлімдер бар екенін, демалыс күндері сол жерлерге барып дайындалуға болатынын түсіндірдім, - деді әкім.
Оның айтуынша, тәрбиеленушілердің көбі — облыс тұрғындары, тек Алматыда өмір сүруге үйреніп қалған. Қонаев қаласында оларға сапалы білім алуға және болашақ мамандығын игеруге толық жағдай жасалмақ.
– Қазір облыста құрылыс қарқынды жүріп жатыр, жылыжай кешендері мен өндіріс орындары дамып келеді. Бұл балалар сол жерде тәжірибеден өтіп, жұмыс істей алады. Біз оларды тек көшіруді емес, кәсіби білім алып, болашаққа сеніммен қарайтындай етуді көздейміз. Олардың тағдырына облыстық білім басқармасы мен педагогтар жауапты. Егер біз осы балалардың болашағы болғанын қаласақ, оларға қажетті жағдай жасауымыз керек, - деді Марат Сұлтанғазиев.
Қонаев қаласындағы жаңа балалар үйі заманауи стандарттарға сай жабдықталған: демалыс аймақтары, аспаздықты үйрететін ас үй, шаштараз, спорт залы бар. Тәрбиеленушілер бұл ғимараттан шықпай-ақ бірнеше мамандықты қатар меңгере алады. Әкімнің айтуынша, Қонаевта мұндай мекеме бұрын-соңды болмаған.
Ал ескі ғимаратқа 2016 жылы әзірленген жобалық-сметалық құжаттама бойынша жөндеу құны 1,6 млрд теңге деп бағаланған. Қазір бұл сома екі есеге артқан, алайда соңғы сараптама ғимараттың күрделі жөндеуге де жарамсыз екенін көрсеткен.
– Ол жақтағы топырақтың қандай екені бәрімізге белгілі. Егер жер сілкінісі бола қалса, салдары өте ауыр болуы мүмкін. Біз балалардың өмірін қауіпке тіге алмаймыз, - деді өңір басшысы.
Қазіргі уақытта балалар үйінде 100-ден астам тәрбиеленуші тұрады.