Клиника анестезиологты бақыламаған: сотта үш жасар қыздың қазасына байланысты тың деректер шықты

0
45

Стоматология директоры персоналдың жұмысын бақылауға қатысты сұрақтарға жауап берді.


Клиника анестезиологты бақыламаған: сотта үш жасар қыздың қазасына байланысты тың деректер шықты

Фото: freepik.com

ERNUR.KZ. Астанада стоматология клиникасында көз жұмған үш жасар Зеренің қазасына байланысты іс бойынша өтіп жатқан сот отырысында жәбірленуші тараптың адвокаты медициналық персоналдың, әсіресе анестезиолог Жұмағалиеваның жұмысына қатысты ішкі бақылаудың сапасына күмән келтірді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Бүгін сотта клиника директоры Надежда Хон түсініктеме берді. Алайда оның кейбір жауаптары сот пен қорғау тарапынан қосымша сұрақтар туғызды.

Адвокат Руслан Айтжанов анестезиолог жұмысына мүлде бақылау болмағанын ашық айтты.

«Ұйымда бақылау формалары енгізілмеген және Жұмағалиеваны жұмысқа қабылдағанда да болмаған. Оның жұмысын бақылауға қатысты ешқандай әрекет жасамадыңыз. Мен сізді дұрыс түсіндім бе?» – деп сұрады ол.

Директор анестезиология саласына қатысты бақылау жүргізілмегенін мойындады.

«Біз анестезиология бағытындағы жұмысты бақылаған жоқпыз, себебі бізде оған қажетті арнайы білім мен құзырет жоқ», – деп жауап берді Хон.

Осы орайда адвокат анестезиолог жұмысына қатысты тәртіпті реттейтін бұйрық талаптарын еске салды.

«Осы бұйрықтың талаптарын зерттей отырып, сіз 24 немесе 48 сағат бұрын пациенттерді қабылдау тәртібін енгізе алатын едіңіз. Ереже айқын: ол операцияға дейін 24 сағат бұрын қабылдауы керек еді», – деді Айтжанов.

Хонның айтуынша, жазылуды ұйымдастыру мен пациенттердің қабылдауын бақылау жауапкершілігі басқарушы директорға жүктелген.

Естеріңізге салайық, Астанада үш жасар қыз ұзақ анестезиядан кейін стоматология креслосында көз жұмған. Баланың әкесі мен отбасы адвокатының айтуынша, егер дәрігерлер стандарттарды сақтап, бір уақытта барлық дерлік тісті емдемесе, қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді.

21 қарашада қыздың әкесі Талғат Құмаров 2024 жылғы 30 қазанда қызына Севоран препаратымен жоспарлы стоматологиялық ем жасалғанын айтты. Алайда қыз анестезиядан кейін оянбаған. Реанимациялық шараларға қарамастан, оны аман алып қалу мүмкін болмады. Баланың жүрегі тоқтап, миы ісінген.

Прокурор Еркебұлан Шалқаров сотта хабарлағандай, клиникаға жүргізілген жоспардан тыс тексеріс кезінде инспекторлар қызды анестезияға дайындау, кабинеттің жабдықталуы мен медициналық стандарттарды сақтау бойынша өрескел заңбұзушылықтарды анықтаған. Клиникада шұғыл көмек көрсетуге қажетті құралдар жеткіліксіз болған.