Қызылорда облысы Шиелі ауданында үйінен шығып кеткен 16 жастағы қыздың мәйіті су арнасынан табылды.
Фото: видеодан скриншот
ERNUR.KZ. Бір тәулік іздестірілген жасөспірімді сол маңдағы тұрғындар судан жалаңаш күйінде тапқан. Ал марқұмның туыстары қаскөйлер оқушыны азаптап өлтіріп, мәйітін лақтырып кеткен дейді. Қазір елді дүрліктірген жағаұстатарлық жағдайға байланысты полицейлер іс қозғады. Күдікті әлі табылған жоқ, деп жазады Stan.kz.
Жанары жасқа толып, қайғыдан қабырғасы қайысқан Гүлжайна Қалдыбаева жақында ғана 10-сыныпты тәмамдаған қызынан қапыда айырылғанына әлі де сене алмайды. Сырттан дауыс естілсе, Балсұлуым келгендей қайта-қайта есікке телміремін дейді. 16 жастағы Балсұлу Өмірзақ осыдан үш күн бұрын кешкі уақытта құрбысы хабарласқан соң, сұранып шыққан екен. Алайда үйге түнемегенін тек ертеңінде таңда бір-ақ білдім деп отыр. Содан бастап туыстары бірден іздеуге кіріскен. Алайда еш жерден таппаған. Ал кешкі уақытта жасөспірімнің денесі көрші Ыбырай Жақаев ауылындағы су арнасынан табылғанын естідік деп қайғырады әйел.
“Қыздың үстінде киімі жоқ. Аяқ киімі жоқ. Киімдері әлі табылған жоқ. Телефоны да жоқ. Жазықсыз өлтіргені айдан анық қой. Қинап солай өлтірген болып тұр”, – деді марқұмның анасы Гүлжайна Қалдыбаева.
Марқұмның жақындары қандықол қылмыскер оқушыны асқан қатыгездікпен өлтіріп, мәйітті елсіз жердегі осы ағынды суға лақтырып жібергеніне сенімді. Оның үстіне жеткіншектің түнгі уақытта ауыл шетіндегі су арнасына жалғыз баруы мүмкін емес дейді жақындары. Сол себепті кінәліні қатаң жазалауды сұрап отыр.
Ал полицейлер қазір “адам өлтіру” бабымен іс қозғады. Күдікті әлі де іздестіріліп жатыр.
“Адам өлтіру дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала анықталғандай туыстарының айтуынша қыз 2-маусым күні кешке үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Қазір күдіктіні ұстау мақсатында тәжірибелі қызметкерлер қатарына жедел тергеу тобы қосылды. Мессенджерлер арқылы таратылып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды”, – деді Қызылорда облыстық полиция департаменті тергеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылбек Бексейітов.


