Қазгидромет ЖИ көмегімен ауа райын болжай бастады

0
82

Жаңа жүйе 2 және 6 шақырымдық кеңістіктерде ауа райын болжауға мүмкіндік береді.


Қазгидромет ЖИ көмегімен ауа райын болжай бастады

Фото: Қазгидромет

ERNUR.KZ. Қазгидромет ауа райын болжауда жасанды интеллект элементтері бар цифрлық құралдарды қолдана бастады. Жаңа технологиялар болжамдардың дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Үкіметте айтты, деп жазады inform.kz.

– Жыл басынан бастап «Қазгидромет» қызметі ЖИ элементтері бар цифрлық құралдарды қолдануды бастады. Бұл - WRF цифрлық моделі (Weather Research and Forecasting – ауа райын цифрлық болжау моделі), – деді Әлібек Қуантыров.

Жаңа жүйе 2 және 6 шақырымдық кеңістіктерде ауа райын болжауға мүмкіндік береді. Болжамдар алдағы 48 сағатқа, сондай-ақ 10 тәулікке дейінгі кезеңге жасалады.

– Мұндай технологияларды пайдалану ауа райы болжамдарының нақтылығын арттыруға мүмкіндік береді. Оның ішінде агрометеорологиялық және гидрологиялық болжамдар, сондай-ақ ауа райына байланысты ескертулердің дәлдігі жақсарады. Бұл ақпараттың мемлекеттік органдарға, ұйымдарға және халыққа уақытылы жетуіне көмектеседі, – деді Экология министрі.

Қазгидромет ауа райы болжамдарын жалпы халыққа ғана емес, мемлекеттік органдарға да тұрақты түрде ұсынады. Ауыл шаруашылығына қатысты болжамдар Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Үкімет Аппаратына аптасына екі рет беріледі.

Өңірлер бойынша бір аптаға арналған күнделікті ауа райы болжамдары да жасалады.

Бұған дейін Ә. Қуантыров қазан мен қараша әдеттегіден жылырақ болатынын айтқан еді.

Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев еліміздің қай өңірлерінде жылыту маусымы басталатынын баяндады.