Қазаннан бастап қазақстандық бизнес WhatsApp-та клиенттерге жауап бергені үшін ақы төлейді

0
122

Қазақстандық компаниялар API арқылы жіберілген әр хабарлама үшін шамамен 8 теңге төлейді.


Қазаннан бастап қазақстандық бизнес WhatsApp-та клиенттерге жауап бергені үшін ақы төлейді

Pixabay.com

ERNUR.KZ. Бұл өзгеріс қарапайым қолданушылар мен шағын бизнеске қатысты емес, деп жазады ulysmedia.kz.

2026 жылғы 1 қазаннан бастап Meta WhatsApp Business Platform платформасын пайдаланатын компанияларға арналған ережелерді өзгертеді, яғни мессенджерді CRM жүйесіне, байланыс орталығына немесе чат-ботқа API арқылы қосқан бизнеске жаңа тариф енгізіледі.

Бұған дейін клиент компанияға өзі хабарласқаннан кейінгі 24 сағат ішінде бизнес оған тегін жауап бере алатын. Енді әрбір шығыс хабарлама үшін ақы төлеу қажет болады.

Бұл өзгеріс кімдерге қатысты?

Жаңа талаптар автоматтандырылған байланыс арналары бар орта және ірі компанияларға қатысты.

Ал шағын дүкендер мен жеке кәсіп иелері пайдаланатын кәдімгі WhatsApp Business қосымшасы бұрынғыдай жұмыс істейді. Жеке WhatsApp қолданушылары үшін де ешқандай өзгеріс болмайды.

Қанша тұрады?

Қазақстан нөмірлеріне арналған Meta тарифі бір сервистік хабарламаға 0,018 доллар болып белгіленген.

21 қыркүйектегі Ұлттық банк бағамы бойынша 1 доллар 446,56 теңге болса, бұл шамамен 8 теңге. Әр бизнес-нөмір үшін айына алғашқы 1000 хабарлама тегін қалады. Ақылы тариф 1001-хабарламадан бастап есептеледі.

Мысалы, компания бір айда қазақстандық нөмірлерге 5000 сервистік хабарлама жіберсе, оның 4000-ы үшін ақы төлеуі керек. Meta тарифі бойынша бұл 72 доллар, яғни шамамен 32 мың теңге. Алайда бұл тек Meta комиссиясы. Егер компания қызметті сыртқы провайдер арқылы пайдаланса, жалпы шығын бұдан да жоғары болуы мүмкін.

Клиенттерден келетін кіріс хабарламалар үшін ақы алынбайды.

Қандай хабарламалар ақылы болады?

Ақылы қызметке тек бизнестің клиентке жіберетін хабарламалары жатады. Олардың қатарында:

  • операторлардың жауаптары;
  • чат-бот хабарламалары;
  • тапсырысты растау;
  • жеткізу туралы хабарламалар;
  • жазылу туралы ескертулер бар.

Мысалы, клиент компанияға жазып, бизнес оған 10 рет жауап берсе, барлық 10 хабарлама үшін ақы төленеді.

30 қыркүйекке дейін не істеу керек?

Meta барлық компания мен олардың технологиялық серіктесінен 30 қыркүйекке дейін төлем тәсілін Meta Billing Hub жүйесіндегі аккаунтқа қосуды талап етеді.

Төлем үшін корпоративтік кредиттік желілерді, сондай-ақ Visa және Mastercard карталарын пайдалануға болады.

Төлем тәсілін уақытында қоспаған компаниялар 1 қазаннан кейін хабарламаларының жеткізілуіне шектеу қойылу қаупіне тап болуы мүмкін.