Қазақстанның Ыстықкөлдегі демалыс нысандарына 35,7 млрд теңге жұмсалады

0
133

Қазақстан Ыстықкөл жағасындағы демалыс нысандарын 2029 жылдың соңына дейін жөндеп, 3 және 4 жұлдызды қонақүйлер деңгейіне дейін жеткізуі керек.


Қазақстанның Ыстықкөлдегі демалыс нысандарына 35,7 млрд теңге жұмсалады

фото: Sputnik / Михаил Дудин

ERNUR.KZ. Сенат депутаттары Қазақстанның Ыстықкөлдегі курорттық-рекреациялық шаруашылық объектiлерiне меншiк құқықтарын реттеу туралы келiсiмге енгізілген өзгерістерді мақұлдады, деп жазады sputnik.kz.
Келісімдегі түзетулерге сәйкес, Қазақстан Ыстықкөл жағасындағы демалыс нысандарын 2029 жылдың соңына дейін жөндеп, 3 және 4 жұлдызды қонақүйлер деңгейіне дейін жеткізуі керек. Нысандар жазда ғана емес, жыл бойы жұмыс істеуге тиіс. Ал объектілерді салу және пайдалану кезінде де жұмыс күшінің кемінде 80 проценті Қырғыз Республикасының азаматтары қатарынан тартылуы шарт.
Жалпы, төрт нысанды жаңғыртуға барлығы 35,7 млрд теңге жұмсалады.
Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтың айтуынша, төрт нысанның ішінде тек "Қазақстан" шипажайын жаңғыртуға бюджеттен 9 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Қалған нысандар инвесторлардың есебінен жөнделеді.
Ыстық көлдің жағасында жөнделетін нысандар:
1. "Қазақстан" шипажайына - 9 млрд теңге;
2. "Самал" демалыс үйіне - 10 млрд теңге (Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетіне қарасты нысан);
3. "Олимп" спорт-сауықтыру орталығына - 3,7 млрд теңге (Туризм және спорт министрлігіне қарасты нысан);
4. "Университет" спорт-сауықтыру лагеріне - 13 млрд теңге (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қарасты нысан).
Айта кетері, демалыс нысандары орналасқан жер учаскелері Қазақстанға 49 жылға жалға беріледі.