Бұл – жалпы ішкі өнімнің 23,7 пайызы.
Ұлысмедиа коллажы
ERNUR.KZ. Мәжілісте баяндама жасаған қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков Қазақстанның сыртқы қарызы 31,7 трлн теңгеге жеткенін айтты, деп жазады ulysmedia.kz.
Дәурен Темірбековтің сөзінше, 2025 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстанның мемлекеттік борышы 31,8 трлн теңгені құраған. Бұл – жалпы ішкі өнімнің 23,7 пайызы.
Оның ішінде үкіметтік борыш жалпы ішкі өнімнің 22,4 пайызын құрады. Бұл – 30,1 трлн теңге, – дейді ол.
Мемлекеттік борыштың жоғарғы шегі ЕАЭО-ға мүше елдер үшін жалпы ішкі өнімнің 50 пайызын аспайтыны белгілі. Темірбековтің сөзінше, қазір мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасында белгіленген борыштық индикаторлар рұқсат етілген шекте тұр. “2025-2029 жылғы болжамдар мемлекеттік борыш лимиттен аспайтынын көрсетеді” дейді ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін Сенатор Сұлтанбек Мәкежанов премьер-министр Олжас Бектеновке мемлекеттік қарыздың өсіп бара жатқаны және еліміздің қаржы ресурсын басқаруды жақсарту қажеттігі туралы сауал жолдаған еді. Депутат өзінің сауалында бюджет тапшылығы мен мемлекеттік қарыздың өсуіне әкеп соғатын, кіріспен расталмаған мемлекеттік шығыстың ұлғаюы – мемлекеттік қаржының өзекті мәселесінің бірі екенін атап өтті. Мәкежановтың мәліметінше, соңғы бес жылда мемлекеттік жиынтық қарыз ЖІӨ өсу қарқынына жақындаған және жылына 12%-ға ұлғайып отыр. Осылайша, алты айдың ішінде 1,6 трлн теңгеге көбейіп, 28,7 трлн теңгеге жеткен.