Астана - Дубай - Астана рейстері кестеге 2 қазаннан бастап іске қосылуы тиіс.
Дубай. Фото: depositphotos.com/ romrodinka
ERNUR.KZ. Қазан басында Қазақстаннан Дубайға тұрақты әуе қатынасын қайта жандандыру жоспарланып отыр. Бір ай ішінде қос бағыт бойынша рейстер саны кезең-кезеңімен артады, деп жазады tengrinews.kz.
Air Astana ақпаратынша, Алматы - Дубай - Алматы бағыты бойынша тұрақты әуе қатынасын 2026 жылғы 1 қазаннан бастап қайта іске қосу көзделіп отыр. Астана - Дубай - Астана рейстері кестеге 2 қазаннан бастап іске қосылуы тиіс.
Әуекомпания қанша рейс орындайды?
Қазан басында Алматыдан Дубайға аптасына төрт рейс жоспарланған. Айдың соңына қарай олардың санын аптасына 12 рейске дейін жеткізу көзделіп отыр.
Астаналық жолаушылар үшін бастапқыда аптасына үш рейс қарастырылған. Қазан аяғына қарай рейстер жиілігін біртіндеп аптасына 10-ға дейін арттыру жоспарланып отыр.
"Air Astana компаниясы Алматы - Дубай - Алматы бағытындағы тұрақты рейстерді 2026 жылғы 1 қазаннан, ал Астана - Дубай - Астана рейстерін 2026 жылғы 2 қазаннан бастап жандандыруды жоспарлап отыр", - делінген әуекомпанияның хабарламасында.
Дегенмен, түпкілікті кесте өзгеруі мүмкін.
"Әуекомпания өңірдегі жағдайды бақылап отыр және Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты ұшу кестесіне түзетулер енгізуі мүмкін, сондай-ақ қосымша өзгерістер болған жағдайда жолаушыларды хабардар етеді", - деп хабарлады компания.
Дубай рейстеріне қатысты жағдай қалай өрбіп жатыр?
Қазанда Дубайға рейстердің қайта оралуы кейінгі айлардағы осы бағыттағы кестенің кезекті өзгерісі болмақ.
12 шілдеде Таяу Шығыстағы жағдай ұшу кестесіне өзгерістер енгізуге мәжбүр етті. Атап айтқанда, сағат 07:10-да Астанадан ұшып шыққан KC205 Астана - Дубай рейсі аспанда кері бұрылып, аттанған әуежайына қайта қонды. Сол күні сағат 08:50-ге жоспарланған KC897 Алматы - Дубай рейсі де тоқтатылды.
Сол кезде тоқтатылған рейс жолаушыларына билет құнын сатып алған жерінен толық қайтару мүмкіндігі берілді. Әуекомпания ұшу және қону уақыты өзгеруі мүмкін болғандықтан, рейстердің мәртебесін қадағалап отыруды сұрады.
Кейіннен ұшуларды қайта бастау туралы шешім қабылданды. 15 шілдеден бастап Алматы мен Астанадан Дубайға тұрақты рейстерді жандандыру жоспарланған болатын. Бұл ретте тасымалдаушы өңірдегі жағдайдың өрбуіне байланысты кестенің түзетілуі мүмкін екенін ескертті.
Алайда көп ұзамай рейстер қайта тоқтатылды. Компания Ормуз бұғазы мен өңірдегі жағдайдың нашарлауына байланысты 21 шілде мен 31 тамыз аралығында Дубайға ұшулар тоқтатылатынын хабарлады.
Рейстері тоқтатылған жолаушыларға билет құнын толық қайтару немесе кешірек мерзімге, я болмаса әуе компаниясының басқа халықаралық бағыттарына тегін қайта брондау ұсынылды.
Біріккен Араб Әмірліктеріне сапар шегуді жоспарлап жүргендерге рейстердің өзекті мәртебесін бақылап отыру ұсынылады.


