Қазақстаннан Қытайға уран алып шығармақ болған алты адам сотталып кетті

0
152

Олар 2 жылдан 7 жылға дейін сотталады


Қазақстаннан Қытайға уран алып шығармақ болған алты адам сотталып кетті

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

ERNUR.KZ. Жетісу облысында уран концентратын заңсыз түрде Қазақстан аумағынан Қытай еліне шығаруға әрекет жасаған алты адамға қатысты сот үкімі жарияланды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Тергеу мәліметінше, ұйымдасқан топ мүшелері қылмысты алдын ала жоспарлаған. Олар өндірістік кәсіпорыннан материалдарды жасырын түрде алып шығып, әртүрлі делдалдар арқылы өткізіп, кейін мемлекеттік шекарадан заңсыз өткізбек болған.

«Аталған дерек бойынша жүргізілген тергеу барысында радиоактивті заттар «Нұр Жолы» шекаралық өткізу пунктінде бақылау кезінде анықталды. Тиісті сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген заттың уран концентраты екені расталды. Сонымен қатар оның радиоактивтік белсенділігі белгіленген қауіпсіздік нормаларынан бірнеше есе жоғары болғаны анықталды. Осыған байланысты кінәлі тұлғаларға қатысты заңнамаға сәйкес қылмыстық жауапкершілік шаралары қолданылды», – деп хабарлады Жетісу облысының прокуратурасы..

Сот шешімімен:

  • үш айыпталушы 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды;
  • екі адам 2 жыл 6 айдан алды;
  • тағы бір сотталушы 4 жыл 6 айға сотталды.

Барлығы да жазаларын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ, сондықтан тараптар оны апелляциялық тәртіппен шағымдана алады.