ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН МИЛЛИОНДАР: Қазақстанда қандай гранттар бар?

0
134

Ол гранттарды алу үшін міндетті түрде кәсіпкер болу шарт емес.


ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН МИЛЛИОНДАР: Қазақстанда қандай гранттар бар?

фото: dauletten.kz

Елімізде тың идеясы бар болғанымен, оны іске асыруға қаржы таппай жүретін жастар жоқ емес. Бірі бизнес бастағысы келеді, енді бір өз жобасын дамытуды армандайды. Тиісінше, осындай талапты жастар үшін мемлекет тарапынан түрлі гранттар мен қаржылай қолдау тетіктері қарастырылған. Ол гранттарды алу үшін міндетті түрде кәсіпкер болу шарт емес. Ең бастысы – нақты мақсатың, жүзеге асыруға болатын идеяң және сол мүмкіндікті тиімді пайдалана білуің. Ендеше, Қазақстанда жастар үшін қандай гранттар бар екеніне шолу жасап көрейік.


«Тәуелсіздік ұрпақтары» – идеяңды іске асыруға 3 миллион теңге

Кәсіп бастағысы келетін жастар, жас өнертапқыштар, еріктілер мен шығармашыл жастар үшін қарастырылған маңызды мүмкіндіктің бірі – «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты. Бұл бастама 2021 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған. 2026 жылы республикалық деңгейде әрқайсысы 3 миллион теңгеден 30 грант бөлінді. Бұл байқауға 14-34 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Грант зерттеу мен ғылыми жаңалықтарға, өнер мен ұлттық мұраны насихаттауға, IT жобалар мен стартаптарға, жаңа кәсіпкерлік идеяларға, пайдалы әрі танымдық контент жасауға, әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жобаларға беріледі. Байқауға қатысатын үміткер өз жобасының мақсат-мүддесін, қоғамға беретін пайдасы мен қаражаттың қалай жұмсалатынын нақты көрсетуі керек. Өтінімге жоба сипаттамасы, шығындар есебі және 60 секундтан аспайтын бейнеролик немесе 10 слайдқа дейінгі презентация қоса беріледі. 2026 жылғы өтінім қабылдау 21 сәуір мен 21 маусым аралығында өтті. Келесі кезеңге қатысқысы келетін азаматтар ресми хабарландыруларды назарда ұстағаны жөн.


1,7 миллион теңгеге дейінгі мемлекеттік грант

Кәсіп ашуды армандайтын жастарға арналған тағы бір мүмкіндік – Business.enbek.kz арқылы берілетін қайтарымсыз мемлекеттік грант.Биыл бұл гранттың мөлшері 400 АЕК немесе 1 730 000 теңге болып тұр. Алайда, бұл грант барлық жасқа беріле бермейді. Оған мына санаттарға жататын азаматтар үміткер бола алады:

атаулы әлеуметтік көмек алушылар;

көпбалалы отбасылар;

асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар;

қандастар мен қоныс аударушылар;

еңбекке қабілеттілігіне медициналық қарсы көрсетілімі жоқ мүгедектігі бар адамдар;

мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған азаматтар және олардың жұбайлары.

Сонымен қатар үміткер ресми түрде тіркелген жұмыссыз немесе тіркелгеніне бір жылдан аспаған жеке кәсіпкер болуы, сонымен қатар «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін меңгергені туралы сертификат алуы қажет.

Қайтарымсыз қаражатты кәсіпке қажетті құрал-жабдық алуға, өндірістік техника сатып алуға, мал, құс немесе ауыл шаруашылығы құралдарын алуға, көшет, тұқым және басқа да қажетті материалдарға, кәсіпке қажетті ғимаратты жалға алуға жұмсауға болады. Яғни қаржыны жеке қажеттілікке, несие жабуға немесе тұрғын үй сатып алуға жұмсауға болмайды. Байқауға қатысу үшін Business.enbek.kz порталына тіркеліп, бизнес-жоспар әзірлеу, өтінім беру және конкурстық комиссия алдында жобаны қорғау қажет. Грант иегері қаражаттың мақсатты жұмсалғаны туралы есеп беруге міндетті.

Атап өту керек, бұл тек қана жастарға арналған бағдарлама емес. Дегенмен талаптарға сай келетін жас кәсіпкерлер қатыса алады.


«Қазақстан халқына» – білім алуға арналған мүмкіндік

Жоғары оқу орнында білім алғысы келетін, бірақ қаржы тапшылығына байланысты қиындықтарға тап болған жастар үшін «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры білім гранттарын ұсынады. Бұл бағдарлама 2022 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. 2026–2027 оқу жылында 220 талапкер осы қордың грантын иеленді. Қор бір академиялық оқу жылына 1 миллион теңгеге дейінгі оқу ақысын төлейді. Сонымен қатар студенттерге оқу жылының 10 айында ай сайын 60 мың теңге шәкіртақы беріледі. Бағдарлама іске қосылған 2022 жылдан бері 4500-ден астам жас осы грантты иеленген.


Грантқа ие болу үшін...

Қазақстандық жастар қандай бағдарламаға қатысса да, жобаны дұрыс дайындау қажет. Әсіресе кәсіпкерлік және әлеуметтік жобалардың тартымдылығы ғана емес, нақты нәтижесі маңызды.

Тағы бір ескеретін жайт – мақалада аталған байқауларға биыл қатысу мүмкін емес. Сондықтан келесі кезеңге қазірден дайындала бастаған дұрыс.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ