Грузиядан Қазақстанға трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты және жеңгетайлық жасады деп күдікке ілінген Өзбекстан азаматы экстрадицияланды.
Видео кадры
ERNUR.KZ. Тергеу нұсқасы бойынша, ол "Қыздар.нет" сайтында сексуалдық қызмет ұсыну туралы анкеталарды ілгерілетуге көмектескен, деп жазады tengrinews.kz.
"Тергеу барысында аталған азамат ұйымдасқан қылмыстық топтың басқа да мүшелерімен бірге жезөкшелікпен және өзге де сексуалдық сипаттағы қызметтермен айналысатын тұлғалардан олардың "Қыздар.нет" интернет-ресурсында орналастырылған анкеталарының шотын толтыруға өтінімдер қабылдап отырғаны анықталды. Бұл олар көрсететін сексуалдық қызметтерді ілгерілету және жарнамалау мақсатында жасалған", - делінген хабарламада.
Алынған қаражат осы анкеталарды ілгерілету мен жарнамалауға жұмсалған. Топ мүшелері комиссия ұстап қалып, қалған соманы сайт ұйымдастырушыларына аударып отырған. Тергеу нұсқасы бойынша, жеңгетайлық схемасы осылайша жұмыс істеген.
Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің бір бөлігі сотталды
Бас прокуратураның мәліметінше, ұйымдасқан топтың кейбір мүшелері түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Басқалары, соның ішінде экстрадицияланған әйел, қылмыстық қудалаудан бой тасалаған. Оларға халықаралық іздеу жарияланған.
2026 жылдың шілдесінде күдікті Грузияда ұсталды. Кейінірек Бас прокуратураның сұрауымен ол Қазақстанға экстрадицияланды.
Қазір әйел тергеу изоляторында отыр.
Оған қандай жаза берілуі мүмкін?
Әйелге тағылған айыптар бойынша мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Еске сала кетейік, маусым айында Алматыда "Қыздар.нет" сайтының ұйымдастырушылары делінген тұлғалар ұсталды. Тінту кезінде құқық қорғау органдары ірі мөлшерде ақшалай қаражатты, цифрлық активтер мен компьютерлік техниканы тәркіледі. Прокуратураның алдын ала мәліметінше, ресурстың қызметінен түскен заңсыз табыс 2 миллиард теңгеден асқан.


