Қазақстанға жеткізілген Пржевальский жылқыларының алғашқы тобы табиғи ортаға жіберілді

0
100

Қазақстанда Пржевальский жылқысын қайта жерсіндіру жобасы жүзеге асырылып жатыр.


Қазақстанға жеткізілген Пржевальский жылқыларының алғашқы тобы табиғи ортаға жіберілді

ERNUR.KZ. Ол Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, Прага хайуанаттар бағы, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы, Франкфурт зоологиялық қоғамы, Нюрнберг және Берлин хайуанаттар бақтары, сондай-ақ Венгрияның «Хортобадь» ұлттық паркімен серіктестікте жүзеге асырылуда. Қазақстан мен Чех Республикасы арасындағы алғашқы ынтымақтастық жөніндегі келісімдер 2023 жылы қол жеткізілді. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев ОКҚ брифингінде хабарлады.

Бағдарламаны іске асыру мақсатында Қостанай облысындағы «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватының базасында «Алиби» жабайы тұяқтыларды қайта бейімдеу орталығы құрылды.

«2024-2025 жылдары жылғы маусымда Қазақстанға 14 Пржевальский жылқысы жеткізілді. Олардың алғашқы тобы табиғи ортасына жіберілді. 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен 40 басқа дейін жылқы әкелу жоспарланып отыр. Бұл Қазақстанның дала экожүйелерінде табиғи жағдайда өмір сүре алатын тұрақты, өздігінен көбеюге қабілетті популяцияны қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді спикер.

Ірі сүтқоректілерді қайта жерсіндіру экожүйелердің табиғи тепе-теңдігін қалпына келтіруде маңызды рөл атқарады. Тұяқтыларды табиғатқа қайтару жайылымдық жүктемені оңтайландыруға, далалардың тозуының алдын алуға және табиғи өрттердің қаупін азайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ мұндай жобалар елімізге келетін туристер ағынын арттыруға да айтарлықтай әсерін тигізеді.