Қазақстандықтарға камера арқылы салынған қате айыппұлдар ақшасы қайтарылады

0
107

Министрдің орынбасары жаңа автоматтандырылған жүйе іске қосылғаннан кейін ақау болғанын растады.


Қазақстандықтарға камера арқылы салынған қате айыппұлдар ақшасы қайтарылады

Фото: gov.kz

ERNUR.KZ. Егер автоматты тіркеу камерасы арқылы салынған айыппұл заңсыз рәсімделгені анықталса, қазақстандық жүргізушілерге ақшасы қайтарылады. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтты, деп жазады tengrinews.kz.

Министрдің орынбасары жаңа автоматтандырылған жүйе іске қосылғаннан кейін ақау болғанын растады. Олар 13 және 14 тамызда Алматы және Жамбыл облыстарында тіркелген.

Игорь Лепеханың айтуынша, ІІМ Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетімен бірлесіп, нұсқамаларға автоматты түрде қол қою жүйесіне көшкен. Бұрын заңбұзушылық суреті полиция қызметкеріне келіп, ол материалдарды тексеріп, нұсқаманы қолмен жіберетін болса, енді ақпарат Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі арқылы көлік иесіне автоматты түрде жолданады.

"Ереже бұзылғаны рас, бірақ нұсқамаларда орташа жылдамдықтың орнына мезеттік жылдамдық көрсетілген", - деп түсіндірді министрдің орынбасары.

Дұрыс рәсімделген нұсқамада бірінші және екінші бақылау аркасынан өткен уақыт, сондай-ақ автокөліктің есептелген орташа жылдамдығы көрсетілуі тиіс. Ал қате құжаттарда тек бір арка жанында жылдамдықты асырғаны хабарланған.

Қазір ІІМ жүргізушілердің әрбір өтінішін жеке қарастырып жатыр.

"Егер нұсқама қате толтырылғаны анықталса, төленген ақша бюджеттен қайтарылады", - деді Игорь Лепеха.

Тамызда жүргізушілер Алматы — Қорғас тасжолында жаппай айыппұл салынғанына шағымданған болатын. Бір күннің ішінде 100-ге жуық автокөлік иесіне нұсқама келген. Айыппұл сомасы 118 мыңнан бастап, бір миллион теңгеден асады.

Сол кезде ІІМ 13–14 тамызда жүйеде техникалық ақау болғанын растады. Орташа жылдамдықты асырудың бір бөлігі мезеттік жылдамдықты асыру ретінде қате тіркелген. Ведомство қате нұсқамалар автоматты түрде анықталып, жойылатынын, ал жүргізушілерге олардың бұрыстығын өз бетінше дәлелдеудің қажеті жоқ екенін хабарлады. Төленіп қойған ақшаны қайтару тетігі ол кезде пысықталып жатқан болатын.

Осыған ұқсас жағдай Аягөзде де болды: рұқсат етілген жылдамдық сағатына 60 шақырым болатын учаскеде камералар 40-қа қате бапталған. Салдарынан 172 жүргізушіге айыппұл заңсыз салынды. Кейін нұсқамалардың күші жойылып, автокөлік иелеріне 800 мың теңгеден аса қаражат қайтарылды.