Қазақстандықтар orken.otbasybank.kz порталы арқылы тұрғын үйге мұқтаж азамат ретінде есепке тұра алады

0
217

Азаматтар 2025 жылдың 24 мамыры сағат 9.00 бастап осы платформада тұрғын үйге мұқтаж жан ретінде өтініш бере алады және есепке тұра алады.


Қазақстандықтар orken.otbasybank.kz порталы арқылы тұрғын үйге мұқтаж  азамат ретінде есепке тұра алады

Фото: gov.kz

ERNUR.KZ. Азаматтар үшін Отбасы банкінің («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» ақпараттық жүйесі қолжетімді болады. Ол orken.otbasybank.kz порталында орналасқан, деп жазады inform.kz.

Азаматтар 2025 жылдың 24 мамыры сағат 9.00 бастап осы платформада тұрғын үйге мұқтаж жан ретінде өтініш бере алады және есепке тұра алады. Ол үшін қолданыстағы ЭЦҚ пайдалана отырып, сайтта авторизациядан өту қажет болады.

2025 жылдың 24 мамырына дейін қазақстандықтар orken.otbasybank.kz жаңа порталымен танысып, онда жарияланған ақпаратты қарай алады.
Тұрғын үйге мұқтаж жан ретінде есепке тұруға өтінім берген кезде жүйе үміткердің талаптарға сәйкестігін автоматты түрде тексереді. Егер ол кәмелетке толған азамат болса және оның, сондай-ақ отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде меншік құқығында тұрғын үйі болмаса, онда ол тізімге енгізіледі.
Азаматтарды тұрғын үйге мұқтаждар есебіне қою — мемлекеттік қызмет. Бұл қызметті көрсету мерзімі — бір жұмыс күні. Егер өтініш беруші өтінімге сканерленген құжаттарды (мысалы, тұрғын үйдің апатты екенін растайтын құжаттар) қоса берсе, онда қызмет көрсету мерзімі үш жұмыс күнін құрайды.
Яғни, егер азамат демалыс күні өтініш берсе, онда есепке алу демалыс күнінен кейінгі жұмыс күні іске асырылады.
Жүйе жылжымайтын мүліктің болуын ғана емес, отбасылық жағдайын, тұрғын үйге мұқтаж адамның мәртебесі мен санатын және тағы басқаларын автоматты түрде тексереді. Яғни, «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» жүйесінде өтініш берушінің цифрлық портреті жасалады. Бұл отбасының құқықтық және әлеуметтік мәртебесін, оның табысын, қандай да бір әлеуметтік төлемдерді, зейнетақыларды немесе жәрдемақыларды алушы болып табылатынын, баспанасы бар-жоғын көру үшін қажет. Осы деректерге сүйене отырып, өтініш берушіге болашақта тұрғын үй мәселесін шешуде мемлекеттік қолдаудың әртүрлі шаралары ұсынылатын болады.
Азаматтардың барлық деректерін автоматты түрде тексеру үшін банк 14 мемлекеттік деректер базасымен және ақпараттық жүйелермен біріктірілген.
Тұрғын үйге мұқтаж жан ретінде есепке алу үшін өтінім берген кезде әрбір өтініш беруші мен оның отбасы мүшелеріне дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім беру туралы 1414 нөмірінен SMS-хабарлама келеді. Бұл хабарламаға жауап беру керек.
Orken.otbasybank.kz порталында тұрғын үйге мұқтаж жан ретінде есепке тұру үшін кім өтініш бере алады?
2025 жылдың 24 мамырынан бастап тұрғын үйге мұқтаж жан ретінде есепке келесі азаматтар тұра алады:
соңғы бес жыл ішінде меншік құқығында тұрғын үйі жоқ, кәмелетке толған қазақстандықтар;
жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған қазақстандықтар.
Табысы қандай деңгейдегі азаматтар мемлекеттік қолдау шараларына үмітті бола алады?
Қазақстандықтарға тұрғын үй мәселесін шешуде қолдау көрсету оларға тегін пәтер беруді білдірмейді.
Банк тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың цифрлық портретін қалыптастыратын болады және олардың әлеуметтік санатына, отбасы табысына қарай тұрғын үй мәселесін шешу құралдары ұсынылатын болады. Атап айтсақ:
тұрғын үйді жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау;
жергілікті атқарушы органдардың жалға берілетін тұрғын үйі;
тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде ең төменгі бастапқы жарнамен және жылдық 2%-дан (ЖТСМ 2%-дан 2,1%-ға дейін) және 5%-дан (ЖТСМ 5,2%-дан 5,8%-ға дейін) мөлшерлемелері бойынша тұрғын үй бағдарламалары;
«Наурыз» бағдарламасы және «Наурыз жұмыскер» бағыты.
Мемлекеттік қолдау шаралары қалай бөлінеді?
Азаматтарға жергілікті әкімдіктерден жалға берілетін тұрғын үй немесе әлеуметтік тұрғын үй сатып алу үшін жеңілдікті кредиттер берілген кезде банк азаматтардың есепке тұру күніне негізделетін болады. Бұл ретте тұрғын үйдің жалпы көлемінің кемінде 70% мемлекеттік қолдау шеңберінде тұрғын үй мәселесін шешуге бірінші кезектегі құқығы бар азаматтардың санаттарына берілетін болады.
Мемлекеттік қолдау шеңберінде тұрғын үй мәселесін шешуге бірінші кезектегі құқық кімдерге беріледі:
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілгендерге, басқа мемлекеттер аумағындағы іс-қимылдар ардагерлеріне;
жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;
көп балалы аналар мен көп балалы отбасыларға;
мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасыларға;
1 және 2 топтағы мүгедектігі бар адамдарға;
жесір әйелдер мен тұл еркектерге.
Тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың қазіргі базасы не болады?
Азаматтардың барлық қолданыстағы базасы әкімдіктерден 2025 жылдың 17 маусымынан кейін Отбасы банкіне берілетін болады. Бұл мерзім әкімдіктерге 2025 жылдың 24 мамырына дейін қабылданған барлық өтінімдерді өңдеуге және тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қоюға уақыт жеткілікті болуы үшін қажет.
Банк қазір азаматтарға egov.kz базасына енгізілген жеке құжаттар мен деректердің өзектілігін тексеруді ұсынады. Атап айтсақ бұл: жеке куәлік, отбасы жағдайы, отбасы мүшелері туралы деректер, жылжымайтын мүліктің болуы, тіркеу мекенжайы және т. б.
Сондай-ақ ЖСН бойынша kezekte.kz базасында көрсетілген ақпараттың дұрыстығын тексеру қажет және сәйкессіздіктер анықталған жағдайда, өзгерістер енгізу үшін әкімдікке жолығу керек.
Сондай-ақ, ЭЦҚ-ның міндетті түрде болуы және мобильді азаматтар базасында үміткердің мобильді нөмірінің тіркелулі болуы керек. Оны egov.kz порталында тексеруге болады. Бұл 1414 бірыңғай байланыс орталығынан хабарламалар мен СМС-парольдерді алу үшін қажет.
Не себепті азаматтарды есепке тұрғызбауы мүмкін:
егер соңғы бес жыл ішінде меншік құқығында тұрғын үйі бар немесе болған жағдайда;
егер азаматтың пайдалануында мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй болса;
ұсынылған құжаттарда және (немесе) мәліметтерде дәйексіз деректер болған жағдайда;
егер азамат бұрын мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алған және жекешелендірген жағдайда;
егер азаматтың апатты деп танылған жалғыз тұрғын үйі болса, бірақ ол басқа елдімекенде орналасса. Мысалы, апатты деп танылған тұрғын үй Алматы облысында орналасқан, ал азамат Алматы қаласында кезекке тұруға талпынуда;
егер мемлекет қолдауымен ипотекалық заемдарды пайдалана отырып, меншікке тұрғын үй сатып алса.

Отбасы банк жеңілдетілген заемдар беру және мемлекеттік қолдау процестерінде толық ашықтықты қамтамасыз етеді. Тұрғын үй мұқтаж азаматтар есебінде тұрған және мемлекеттің қолдауымен өзінің тұрғын үй мәселесін шеше алған азаматтардың тізімдері соңғы 2 жыл ішінде банктің ресми сайтында жарияланатын болады.