Қазақстандықтар енді мерзімі өткен жүргізуші куәлігін онлайн түрде ауыстыра алады

0
84

Жаңашылдық жүргізуші куәлігінің барлық санаттарына қолданылады.


Қазақстандықтар енді мерзімі өткен жүргізуші куәлігін онлайн түрде ауыстыра алады

Фото: Stan.kz

ERNUR.KZ. Енді қазақстандықтар сәуір айынан бастап мерзімі өткен жүргізуші куәлігін онлайн түрде ауыстыра алады, деп жазады stan.kz.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, жүргізуші куәлігін eGov.kz порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы ауыстыруға болады.

“Бұған дейін қызмет тек қолданыстағы құжат болған жағдайда, сондай-ақ оны жоғалуы, ұрлануы немесе тегі, аты-жөнін өзгерткен кезде ғана онлайн форматта көрсетілетін. Енді ол құжат мерзімі өткен жағдайларды да қамтиды.

Жаңашылдық жүргізуші куәлігінің барлық санаттарына қолданылады. Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін куәлікті ауыстыру кезінде көлік құралын басқаруға рұқсат алу үшін міндетті түрде медициналық тексеруден өту қажет”, – делінген хабарламада.

Медициналық тексеруден өткен пайдаланушылардың мәліметтері өтінім беру сәтінде мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде жүктеледі. Ал егер пайдаланушы куәлікті мерзімі аяқталғанға дейін алдын ала ауыстырса, медициналық тексеруден өту талап етілмейді. Қызмет көрсету мерзімі - 60 минут.

Құжатты қалай онлайн алуға болады?

Жүргізуші куәлігін eGov.kz арқылы онлайн алу үшін не істеу керек:

  • порталға кіріп, "Азаматтарға" - "Көлік және коммуникациялар" - "Автомобиль көлігі" бөліміне өту;
  • "Жүргізуші куәлігін алу" қызметін таңдау;
  • дайын құжатты алу үшін ХҚКО-ны көрсету және фотосуретті жүктеу (фотоға қойылатын талаптармен танысу);
  • қолтаңба үлгісін жүктеу және байланыс телефонын енгізу;
  • мемлекеттік баж салығын төлеу (1,25 АЕК). Қайта өтінім берген жағдайда "Бұрын төленген" функциясын пайдалануға болады;
  • өтінімді қол қоюдың қолжетімді тәсілдерінің бірімен растау.

Ал eGov Mobile қосымшасы арқылы қызметті алу үшін:

  • қосымшаға кіріп, "eGov Мемлекеттік қызметтер" – "Жүргізу және көлік" бөліміне өту;
  • "Жүргізуші куәлігін беру" қызметін таңдау;
  • фотоға қойылатын талаптармен танысып, файлды жүктеу;
  • қолтаңба үлгісін жүктеу немесе жазып, "Сақтау" батырмасын басу;
  • дайын құжатты алу үшін ХҚКО бөлімін таңдап, "Жалғастыру" батырмасын басу;
  • мемлекеттік баж салығын төлеу (1,25 АЕК). Қайта өтінім берген жағдайда "Бұрын төленген" функциясын пайдалануға болады;
  • өтінімді қолжетімді тәсілдердің бірімен қол қою.

Қызметтің нәтижесі eGov.kz порталындағы Жеке кабинеттегі "Хабарламалар" бөлімінде және eGov Mobile қосымшасындағы "Хабарламалар" → "Жеке кабинет тарихы" бөлімінде көрінеді. Дайын құжатты ХҚКО-дан жеке куәлікті көрсетіп алуға болады.

Министрлік фтосуретті жүктеу кезінде талаптарды сақтау маңызды екенін алға тартты. Сурет форматы сапа параметрлеріне сәйкес болуы тиіс. Толық талаптар тізімімен eGov.kz порталындағы қызмет паспортынан танысуға болады.

“Сонымен қатар бұрын берілген жеке куәліктегі немесе төлқұжаттағы фотосуретті пайдалану мүмкіндігі бар. Бұл жағдайда сурет алынатын құжат үш жылдан аспайтын мерзімде берілген болуы тиіс. Егер мерзім үш жылдан асса, жүйе фотосуретті қолмен жүктеуді ұсынады.

Өтінім беру барысында кейбір жағдайларда пайдаланушы құжатының деректері мемлекеттік ақпараттық жүйелерде цифрландырылмаған болуы мүмкін. Мұндай жағдайда тиісті хабарлама көрсетіледі және деректерді жаңарту үшін ХҚКО-ға жеке жүгіну қажет болуы ықтимал”, – делінген хабарламада.

“Айыппұл, қарыздары бар адамдар өтемесе онлайн құжат ала алмайды”

Сондай-ақ жүйе берешектердің бар-жоғын автоматты түрде тексереді. Егер жүргізушінің 30 күннен астам уақыт бұрын салынған, төленбеген айыппұлы болса, ол толық өтелгенге дейін куәлікті ауыстыру мүмкін болмайды.

Айта кету керек, жүргізуші куәлігін онлайн беру қызметі іске қосылған сәттен бастап оны 60 000-нан астам рет пайдаланған.