Фото: magnific.com
ERNUR.KZ. 12 қыркүйектен бастап Қазақстанда емханаларға тіркелу ережелері өзгереді, деп жазады Stan.kz.
Енді басқа медициналық ұйымды кез келген уақытта таңдауға болады, бірақ оны жылына бір реттен жиі ауыстыруға болмайды. Балаларға, жүкті әйелдерге, жас аналар мен студенттерге қатысты бөлек ережелер қарастырылған.
Емхананы қалай таңдау қажет
"Жеке тұлғаларды алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарына тіркеу қағидаларын бекіту туралы" құжат 12 қыркүйекте күшіне енді.
Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту орталығының (ҰДДСДО) алғашқы медициналық-санитарлық көмек бойынша республикалық ғылыми-практикалық орталығының жетекшісі Нұргүл Аждарованың айтуынша, енді басқа емхананы таңдап, оған кез келген уақытта тіркелуге болады. Алайда мұны жылына бір рет қана жасауға рұқсат. Бұл ереже емхананы еркін таңдау арқылы тіркелуге қатысты.
Егер емхана жабылып қалса немесе адам басқа ауданға не қалаға көшіп кетсе, тіркелген емхананы қайта ауыстыруға болады. Яғни мұндай жағдайда бір жылдық мерзімнің өтуін күтудің қажеті жоқ.
"Бұған дейін емхананы еркін таңдап тіркелу науқаны екі айға – 1 қыркүйектен 1 қарашаға дейін созылатын. Алайда жаңа емхана науқасқа келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап қызмет көрсете бастайтын. Қазір бұл тәртіп алынып тасталды. Мысалы, сізге 15 қыркүйекте емханаға тіркелгеніңіз туралы хабарлама келсе, 16 қыркүйектен бастап жаңа учаскелік дәрігеріңізге қабылдауға жазыла аласыз", – дейді маман.
Құжатта емханаға тұрақты немесе уақытша тіркелген жері бойынша тіркелуге болатыны айтылған. Сонымен қатар азаматтың бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде емхананы еркін таңдау құқығы сақталады. Яғни, адам өзі тіркелген ауданның аумағындағы емхананы таңдай алады.
Бала мен ата-анасы түрлі емханада тіркеуде тұрғаны қаншалықты дұрыс?
Балалар үшін тіркеудің тәртібі өзгеше болады. Олар тұрғылықты жері бойынша тіркеуінің бар-жоғына қарамастан, нақты тұрып жатқан жері бойынша емханаға тіркеледі. Бұған дейін негізгі өлшем ретінде баланың тіркелген мекенжайы ескерілетін.
Яғни, бала тіркелген мекенжайында емес, басқа жерде тұрып жатса, оны нақты тұратын ауданындағы емханаға тіркеуге болады.
Егер кәмелетке толмаған бала мен оның ата-анасының әр түрлі емханада тіркелсе, емхананы таңдауда бала қызмет алатын медициналық ұйымға басымдық беріледі.
Осылайша алғашқы медициналық-санитарлық көмекті көрсетудің отбасылық қағидаты қамтамасыз етіледі. Мамандар ата-аналар мен балалардың бір емханада медициналық қызмет алғаны дұрыс дейді.
Маманың айтуынша, егер бала бір медициналық ұйымдағы педиатриялық учаскеге, ал ата-анасы басқа емханадағы жалпы тәжірибелік дәрігерге тіркелген болса, ата-аналарға қолайлы болса, оны өзгеріссіз қалдыруға болады.
Нұргүл Аждарова бір отбасы мүшелерінің әртүрлі емханаларға тіркелуіне ешқандай тыйым салынбағанын атап өтті. Мамандар отбасы мүшелеріне бір медициналық ұйымда қызмет алғанды ұсынады, алайда әртүрлі жағдайлардың болуы мүмкін екенін де ескереді.
Жүкті әйелдер мен жас аналар қалай тіркеледі?
Жүкті әйелдер мен жақында босанған әйелдер 18 жасқа дейінгі балалар сияқты, тұрғылықты жері бойынша тіркеуінің бар-жоғына қарамастан, нақты тұратын жері бойынша емханаға тіркеле алады.
Нұргүл Аждарованың айтуынша, бұл өзгеріс жүкті әйелдің бір мекенжайда тіркеліп, басқа жерде тұратын жағдайларына байланысты енгізілген.
"Мысалы, облыста тұратын әйел босанар алдында қаладағы туыстарына келіп, бірнеше ай солардың үйінде тұруы мүмкін. Осы кезеңде ол нақты тұратын жері бойынша емханаға тіркеле алады. Бұрын мұндай мүмкіндік болмаған. Жүкті әйел немесе жас ана мен оның баласы үнемі медицина қызметкерлерінің бақылауында болуы керек. Сондықтан осы өзгерісті енгіздік", – деп түсіндірді маман.
Студенттер қалай тіркеуге тұрады?
Бұған дейін студенттер үшін арнайы студенттік емхана белгіленетін. Алайда оның орналасқан жері студенттің үйінен алыс болуы мүмкін еді. Соған қарамастан, жастар медициналық қызмет алу үшін сол емханаға баруға мәжбүр болған.
Енді колледждер мен жоғары оқу орындарында білім алатын студенттер өзі тұратын үйге жақын емхананы таңдай алады. Яғни, емхана студенттің тіркелген мекенжайы бойынша таңдалады.
Ал басқа қаладан немесе елді мекеннен келген студенттер үшін бұрынғы тәртіп сақталады. Олар денсаулық сақтау басқармасы бекіткен студенттік емханаға тіркеледі.
Маманның айтуынша, студент міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен жұмыс істейтін кез келген емхананы таңдай алады. Алайда емхана өзі тіркелген әкімшілік-аумақтық бірліктің, яғни өз ауданының аумағында орналасуы қажет.
Медициналық ұйым әрбір тіркелген пациент үшін, оның медициналық көмекке қаншалықты жиі жүгінетініне немесе мүлде жүгінбейтініне қарамастан, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан "жан басына шаққандағы" норматив бойынша қаржы алады. Оның мөлшері әр адамға ай сайын екі мың теңгеге жуық.
Нұргүл Аждарованың түсіндіруінше, егер пациенттің емханаға тіркелуі белсенді емес мәртебесіне ауысса, медициналық ұйымға аталған қаражат есептелмейді.
Тіркеу үш жағдайдың барлығы бір уақытта орын алған кезде белсенді емес деп танылады:
- Науқастың Қазақстан аумағында тіркеуі болмаса;
- Оның жеке куәлігінің немесе Қазақстан Республикасы азаматы паспортының жарамдылық мерзімі өтіп кетсе;
- Ол үш жыл немесе одан да көп уақыт бойы медициналық көмекке жүгінбесе.
Үш талаптың үшеуі де бір уақытта орындалуы қажет. Егер адам үш жыл бойы өз емханасына жүгінбеген болса, бірақ оның тіркеуі бар және жеке куәлігінің жарамдылық мерзімі өтпесе, ол еш кедергісіз емханаға тіркеле алады.


