Қазақстандықтар телефон экранынан өздеріне хабарласып тұрған ұйымның атауын көре алады.
Фото: depositphotos.com
ERNUR.KZ. Бұл үшін елде заңды тұлғалардан келетін қоңырауларды таңбалау енгізіліп жатыр. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары - жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп жазады tengrinews.kz.
Сонымен қатар, министрдің айтуынша, ұялы байланыс нөмірін тіркеу кезінде абонент биометриялық аутентификациядан өтуі тиіс болады.
Сондай-ақ мобильді құрылғыларды верификациялау тәртібі нақтыланды. IMEI-код бойынша тексеру Қазақстанға заңсыз әкелінген телефондар мен кодтары ауыстырылған құрылғыларды анықтауға мүмкіндік береді.
Қоңыраулар қалай таңбаланады?
Таңбалаудың арқасында абонент бейтаныс нөмірдің орнына өзіне, мысалы, банктен, дүкеннен немесе емханадан қоңырау шалып жатқанын көре алады. Мұндай жүйе қазақстандықтарға нақты ұйымдардан келетін қоңырауларды бейтаныс және алаяқтық болуы мүмкін нөмірлерден ажыратуға көмектесуі тиіс.
Заңды тұлғалардан келетін қоңырауларды міндетті таңбалауды енгізу жоспары туралы тамыз басында белгілі болған еді. Мұндай қоңырау кезінде, нөмір контактілер тізімінде сақталмаса да, телефон экранында ұйымның атауы көрінеді деп жоспарланған.


