​Қазақстандық судьялар Дарем университеті базасында біліктілігін арттырады

0
105

Халықаралық арбитраж мәселелерін талқылау барысында кездесуге қатысушылар АХҚО жұмысын және Қазақстанның сот жүйесінің трансформациясын алға тартты.


​Қазақстандық судьялар Дарем университеті базасында біліктілігін арттырады

Фото: Жоғарғы сот

ERNUR.KZ. Қазақстан жоғары сот органының төрағасы Асламбек Мерғалиев Англия және Уэльс Жоғарғы Сотының төрағасы Баронесса Каррдың шақыруымен Лондонда дәстүрлі түрде өтетін Заң жылының ашылу салтанатына барды, деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.

Іс-шараға 60 елден 700-ге жуық адам қатысты, оның ішінде судьялар, жоғары лауазымды сот қызметкерлері, Королеваның кеңесшілері (барристерлер), министрлер, Еуропалық соттың мүшелері мен адвокаттар және Абу-Даби, Аустралия, Бахрейн, Канада, ҚХР, Дубай, Франция, Жапония, Малайзия, Нидерланд, Қатар, Сингапур, АҚШ және басқа елдердің заңгерлік қоғамдастығының т. б. өкілдері қатысты.

Сапар барысында А.Мерғалиев ең беделді сот мекемелерінің бірі — Ұлыбританияның Корольдік сотында кездесулер өткізді. Ол халықаралық қатынастар бойынша жетекші судьялармен және Сот колледжінің өкілдерімен, сондай-ақ Коммерциялық соттардың тұрақты халықаралық форумының (SIFoCC) төрағасы лорд Джон Томаспен және судья Робин Ноулзмен, Черногория мен Швеция Жоғарғы соттарының басшылары Валентина Павличичпен және Андрес Экамен, Франция Кассациялық соты палатасының төрағасы Винсент Виньомен кездесті.

— Қазақстан Жоғарғы Сотының Төрағасы өз сөзінде Қазақстан мен Ұлыбритания Біріккен Корольдігі арасындағы әріптестік қатынастардың серпінді дамуын, екі елдің жоғарғы соттарының құқықтық болжамдылық пен тұрақтылықты нығайтуға бейілділігін, қол қойылған меморандум аясында Дарем университетінің базасында қазақстандық судьялар мен сот қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды ерекше атап өтті, — делінген хабарламада.

А.Мерғалиев ағылшын-саксондық құқықтық жүйе негізінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) сотының және арбитраж жұмысы туралы айтты.
Ол Қазақстандағы сот реформасы соттардың тәуелсіздігін нығайтуға, сот төрелігіне қолжетімділікті кеңейтуге және бұзылған құқықтарды қорғауға, ашық, қолжетімді және әділ сот төрелігін қамтамасыз ету үшін цифрлық және автоматтандырылған шешімдерді енгізуге бағытталғанына тоқталды.

Халықаралық арбитраж мәселелерін талқылау барысында кездесуге қатысушылар АХҚО жұмысын және Қазақстанның сот жүйесінің трансформациясын алға тартты.

Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екендіктерін растады және бұл сапар Қазақстан-Британ құқықтық ынтымақтастығын дамытуға, сот төрелігі институтын нығайтуға, заң үстемдігі қағидаттарын ілгерілетуге елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.
Осыдан бұрын Президент Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевті қабылдағанын жазған едік. Мемлекет басшысына сот жүйесі қызметінің биылғы бес айдағы қорытындысы жөнінде мәлімет берілді.