Қазақстандық мектептерде алғаш рет стоматологиялық кабинеттер ашылды

0
81

Қазіргі уақытта тіс ауруларының алдын алу кабинеттері 150 мектепте ашылды.


Қазақстандық мектептерде алғаш рет стоматологиялық кабинеттер ашылды

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысының балалардың қауіпсіздігін нығайту, олардың құқықтарын қорғау және үйлесімді дамуына жағдай жасау жөніндегі тапсырмасына сәйкес, жаңа оқу жылынан бастап еліміздің мектептерінде стоматологиялық кабинеттер ашыла бастады. Сонымен қатар, мектептерде тамақтанудың жаңа стандарты енгізілді. Енді мектептің ас мәзірін ұйымдастыру мен оның сапасын бақылау міндеті денсаулық сақтау ұйымдарына берілді, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.

Қазіргі уақытта тіс ауруларының алдын алу кабинеттері 150 мектепте ашылды. Жыл соңына дейін тағы 90 кабинет ашу жоспарланып отыр. Ал 2028 жылға дейін мектептерде 1000 стоматологиялық кабинетін іске қосу көзделіп отыр. Бұл бастама оқушы саны мыңнан асатын ірі білім беру ұйымдарын қамтиды. Ең алдымен, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жаңадан салынған мектептерде ашылып жатыр. Ашылған кабинеттерде оқушыларға алдын алу бағытында стоматологиялық көмек көрсетіледі, ауыз қуысы ауруларын ерте диагностикалау жүргізіледі және санитарлық-ағартушылық жұмыстар ұйымдастырылады.

Сонымен қатар, 1 қыркүйектен бастап мектептегі тамақтанудың жаңа стандарты күшіне енді. Бұл стандартта алғаш рет тұз бен қанттың мөлшеріне шектеу белгіленді.

Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктерінің бастамасы өткен оқу жылынан бастау алған. Сол кезде мектептегі тамақ сапасына бақылау күшейтілді. Жаңа талаптарға сәйкес, күн сайын мәзірдің дайындалу сапасын тексеруге мектеп мейірбикелері де тартылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 1–4 сыныптың 1,8 миллионнан астам оқушысы, сондай-ақ әлеуметтік осал санаттағы 5–11 сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылған.