Алматыда тұраққа таласқан ер адам көршісін пышақтап өлтірді

0
201

Алматыда көршілер арасында үй ауласындағы автотұраққа көлік қоюға байланысты жанжал шыққан.


Алматыда тұраққа таласқан ер адам көршісін пышақтап өлтірді

Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Жанжал төбелеске ұласқан. Қатысушылардың бірі көмекке ағасын шақырған. Алайда ол мәселені анықтап жатпай, көршісінің мойнына пышақ сұғып алған, деп жазады stan.kz.

Оқиға 4 қазан күні кешке болған. Туыстарының айтуынша, Данил ұлы мен достарымен бірге қала сыртына демалуға кеткен. Үйіне оралғанда, автотұрақтағы бейтаныс көлікті көрген.

Куәгерлердің сөзінше, ол көршісінен көлігін алып тастауды сұраған. Алайда бұл ер адамға ұнамай, арада жанжал туындаған. Кейін ол көмекке ағасын шақырған. Ағасы кенеттен пышақ алып шығып, Данилдың мойнына сұғып алған.

“Ол “сені кім ұрды" деп сұрады. Күйеуімді көрсетті. Ол жақындап келіп, күйеуіме соққы жасады. Басында басынан ұрды деп ойладым. Сосын күйеуімнің мойнын ұстап, аулаға қарай жүгіріп, жерге құлағанын көрдім. Ол қанға тұншыға бастады. Кейін оның тамағын кесіп жібергені белгілі болды”, – дейді Данил Щетниковтың жесірі Ирина.

Щетниковтар отбасының үйіне таңертеңнен бастап 37 жастағы Данилмен қоштасу үшін туыстары, достары мен әріптестері келіп жатыр. Бұл күн әсіресе марқұмның жесірі үшін ауыр. Ерлі-зайыпты 8 жастағы ұл тәрбиелеп отырған. Ал бір айдан кейін қызы дүниеге келуі керек еді.

Марқұмның досы Әмір Мұқашевтың айтуынша, жанжал туындап, олар сөзге келіп, төбелесіп қалған.

“Осыдан кейін ол осында қайта келіп, біреуге телефон шала бастады. Біз көліктен заттарды түсіріп жатқанбыз. Сол кезде бір топ жігіт келді. Ол сөзге келместен "Сен менің бауырымды ұрдың ба?" деп Данилдың мойнына пышақ сұғып алды. Осыдан кейін Данил үйіне қарай жүгіріп, “жедел жәрдем шақырыңдар" деп айқайлады”, – дейді Әмір Мұқашев.

Марқұмның туыстары мен достарының айтуынша, Данил көршісімен араласпаған, бұған дейін олардың арасында ешқандай жанжал болмаған.
Белгілі болғандай, күдіктінің отбасы көрші үйдегі пәтерді жалдап тұрған. Алайда оқиғадан кейін олар асығыс көшіп кеткен.

Қазір кісі өлтірілген жерде үсті матамен жабылған жол талғамайтын көлік тұр. Куәгерлердің айтуынша, шабуылдан кейін бір топ адам көлікке тас лақтырып, бүйіріндегі әйнегін сындырған.

Полиция абайсызда адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. 37 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

“Ер адамдар арасында алдымен сөзге келіспеушілік болғаны анықталды. Кейін жәбірленушіге өлімге әкеп соққан жарақат салынған. Күдікті бірден ұсталып, қамауға алынды”, – дейді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Марқұмның туыстары істің объективті тергелуін талап етіп, қылмыстық істі "Адам өлтіру" бабына қайта саралауды сұрап отыр.